Аудандық ветеринарлық станция нақты диагнозды анықтай алмаған
Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тұрғындары былтыр қырылып қалған қаз-үйрегі үшін өтемақыны әлі күнге дейін ала алмай жүр. Көпшілік қанаттылардың құс тұмауынан өлгеніне сенімді. Ал аудандық ветеринарлық станция нақты диагнозды анықтай алмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
АУЫЛДАҒЫ ҚҰСТЫҢ БАРЛЫҒЫ ҚЫРЫЛЫП ҚАЛДЫ
Айтжан Рахымжанова жаз бойы құс бағып, күзде бала шағасымен оны азық етеді. Бірақ былтыр үйрек-қаздың бәрі қырылып қалған. Зейнеткер олардың құс тұмауынан өлгеніне сенімді.
«Ең бірінші көршілердің 80 қазы ауырды. Сосын қырылып қалды. Біздің құстар да бірге жайылатын. Бірі қалмады. Содан ауру тауықтарға жұқты. 20 қаз, 40 тауығым бар еді. Баламның үйінде де құс қалмады. Қыс бойы амалсыздан жұмыртқаны сатып алдық. Бағасы да қымбаттап кетті. Қалада балаларым оқиды, жұмыртқа керек. Сондықтан биыл тағы тауық сатып алдық. Бағасы да арзан емес. Енді ақырындап бағып отырмыз. Былтыр ауданнан мамандар келді. Бірақ6 аса ештеңе айтқан жоқ. Өтемақы жайын сұрап едік, «уәде ете алмаймыз» дегендей кейіп танытты. Қырылған құс үшін ештеңе төленген жоқ», - дейді Айтжан Рахымжанова
Өткен жылы теріскейдің Жұмабаев және Темирязев аудандарында құс тұмауы тіркелді. Ресми дерекке сәйкес 1800-ге жуық қаз, үйрек пен тауық қырылып қалды. Тағы 2500 қанатты тәркіленіп, көзі жойылды. Иелеріне бюджет есебінен өтемақы берілді. Ал ақсулықтар диагноз дұрыс қойылмағандықтан тиісті төлемнен қағылдық деп есептейді.
ХАЛЫҚ ӘЛІ КҮНГЕ САРАПТАМА НӘТИЖЕСІНЕН БЕЙХАБАР
«Құстар бірінен-соң бірі қырылды. Алдымен қанаттары салбырап қалады. Содан кейін шалқайып құлайды. Басын ұстай алмай қалады. Соңында бір тауық тірі қалған, ол да өліп тынды. Мамандар келіп сараптама алды. Бірақ бізге ештеңе айтпады. Ауыл тұрғындарының кейбірі тағы да құс сатып алып, өсіріп жатыр. Біз қорықтық. Не боларын білмеймін. Сондықтан 2-3 жыл құс ұстамай тұра тұруды ұйғардық. Былтыр қаншама шығын болды. Енді не боларын көреміз», - дейді Ақсу ауылының тұрғыны Орал Бегімбетова.
Ақсу ауылында қазір 40-тан астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Былтыр барлығының дерлік құстары қырылып қалды. Ветеринариялық станция өкілдері келіп сараптама алғанымен, нәтижесін тұрғындарға әлі күнге айтпаған.
«Өлген құстардың ішкі органдарын алып, Ветеринария бойынша Ұлттық рефенттік орталығына жібердік. Ауру тауықтардың жұмыртқасын да алдық. Құс тұмауы, сальмонелез, ньюкасл ауруларына сараптама жасаттық. Бірақ бәріне теріс нәтиже келді. Өтемақы берілуі үшін құс тұмауы расталуы шарт. Одан кейін ауылдық округ әкімі қаулы шығарып, елдімекенде шектеу шараларын енгізеді. Сондықтан халыққа өтемақы берілмейді. Былтыр біздің ауданда құс тұмауы тіркелген жоқ», - дейді Шал ақын аудандық ветеринарлық станция директоры Жанат Әміржанов.
Құс тұмауы расталмаған. Бірақ нақты диагноз да анықталмады. Өткен жылы өңірде үй құстары қырылып қалған 100-ге арта тұрғынға 8 млн 800 мың теңге көлемінде өтемақы берілді. Бұл тізімде ақсулықтар жоқ.
Алдыңғы жылы өңірде жағдай тіпті күрделі болды. Солтүстік Қазақстанның 12 ауданында құс тұмауы тіркеліп, 1,5 млн бас қанатты қырылып қалған еді. Құс фабрикалары айтарлықтай зардап шекті. Өлген құстармен қатар жұқпа ошағындағы барлық қанаттылар жойылды. Биыл жағдай тұрақты. Мамандар оны құстарға жұқпаға қарсы вакцина қойылуымен байланыстырады.
ҚҰС ТҰМАУЫ ҚАНДАЙ АУРУ?
Құс тұмауы – жіті түрде өтетін, асқазан ішек жолдары мен орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын ауру. Негізінен құстардың өлуімен аяқталатын өте қауіпті және аса жұғымтал індет.
Тұмау вирусы құстардың саңғырықтарында, ұлпаларда және суда бір жылға дейін сақталады. +56ºС температурада 3 сағат, ал +60ºС-де 30 минутта инактивацияланады. Сілтілердің, қышқылдардың, тотықтырғыштар мен құрамында йоды бар ерітінділердің әсерінен зиянсыздандырылады.
«Құс тұмауының құстан адамға жұғу фактілері бар. Алайда ол адамнан адамға жұға ма, жоқ па, оны ешкім дөп басып айта алмайды. Дегеyмен, бұл індет құстар арасында тез таралады. Құс тұмауы – А типті тұмау вирусы штамдарының бірімен байланысты құстар мен адамның жіті вирустық инфекциясы.
Бұл инфекцияны құстардың көптеген түрі қабылдағыш келеді. Көбіне оны таратушы – жабайы үйректер. Олар көлден-көлге ұшып жүретіндіктен, вирусты таратуы әбден мүмкін. Өздері аталған инфекцияға соншалықты сезімтал емес. Ал үй құстары: тауық, күркетауық, қаз және үйректер құс тұмауын тез жұқтырады. Әзірге адам құс тұмауы вирусын жұқтыруда соңғы буын. Осы күнге дейін бұл вирустың адамнан адамға жұғуы тіркелмеген», - дейді СҚО санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженова.