Елорда күніне орай әзірбайжан және өзбек этномәдени бірлестіктері қайырымдылық акциясын өткізді

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының қонақтары мен тұрғындары қатысты

6 шілдеде Достық үйінің алдындағы алаңда Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан Республикасының әзірбайжандар қауымдастығы» РҚБ және Өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Астана күніне орай қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласының SOS балалар ауылы, КММ «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі», ХҚА аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының қонақтары мен тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында 500-ден астам адамға палау, бауырсақ пен ыстық шәй берілді. Сондай-ақ қонақтар алдында концерттік бағдарламамен қалалық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

«Бүгін мерекеге орай осындай өнегелі іс ұйымдастырып жатқанына қуаныштымын! Бәріміз мерекелік ән тыңдап, дәмді палаудан ауыз тиіп, қала тұрғындары мен қонақтарын көріп, бір сергіп қалдық. Еліміз аман, халқымыз бірлікте болсын! Астанамыз күннен күнге көркейіп жатыр. Архитектурасы, инфрақұрылымы дамыған мемлекеттерден бір кем емес. Сарыарқамыздың саф ауасы қандай?! Барша қазақстандық отбасыға амандық, денсаулық тілеймін!», - деді қала тұрғыны Саттар Әбдірашұлы.

Аталған мереке халық үшін маңызды тарихи-мәдени мәнге ие және Қазақстан Республикасы жетістіктерінің символы.

«Елорда күні құтты болсын ағайын! Еліміз тыныш, астанамыз күннен күнге көркейе берсін! Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған барша әріптестерге көп рақмет айтқым келеді, аспаздарға, жүз келі күріш басып мың адамға жететін дәмді палауды дайындаған Бек аспазға мың алғыс айтамыз. Келген қонақтар палау дәмін көріп, қуанып, риза болды. Күшіміз бірлікте болсын!», - деді өзбек мәдени қауымдастығының төрағасы Шерзод Пулатов.