Қазақстандық десантшылар кәсіби мерекесін атап өтуде

Автор: Azattyq Rýhy

Десантшылар анық әрі шебер іс-қимыл жасап, батылдық пен ептілік көрсететін, шыдамдылығы мен жауынгерлік машығы мықты, кез келген сәтте егемен Қазақстанды қорғауға әзір нағыз жауынгерлер

фото: www.gov.kz

Қазақстандық десантшылар кәсіби мерекесін атап өтуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

2000 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде Ұтқыр күштер құрылды, олар кейіннен Аэроұтқыр әскерлер болып өзгерді. Ал 2017 жылы заман талабына сай Десанттық-шабуылдау әскерлері болып қайта құрылды.

Қазіргі уақытта десанттық-шабуылдаушы әскерлер – жоғары мобильді және соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, негізгі күштерден, оның ішінде жау тылында басқа да тапсырмаларды өз бетінше орындауға қабілетті әскер тегі. Олардың жауынгерлік қуатын десанттық-шабуылдау, артиллериялық, барлау, бітімгерлік құрамалары, бөлімдер мен бөлімшелер құрайды.

Десанттық-шабуылдау әскерлері барлық оқу-жаттығуларға, соның ішінде халықаралық жаттығуларға ұдайы қатысып жүр. Атап өтсек, олар Армия халықаралық ойындарында нәтижелі өнер көрсетті. Десантшы-жауынгерлер әрдайым өздерінің жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберліктерін, аса күрделі тапсырмаларды орындауға қабілеттілігін көрсетіп келеді.

Әуе-десанты дайындығы – бұл әскер тегінің маңызды құрамдас бөлігі. Көк тарландары күндіз де, түнде де, тіпті күрделі метеорологиялық жағдайларда да парашютпен сенімді түрде секіруді орындайды.

Бітімгерлік қызмет атқаруда да десанттық-шабуылдау әскерлерінің қосқан үлесі зор. «Қазполк» әскери қызметшілері 2003-2008 жылдар аралығында Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысты. 2018 жылдан бастап «Қазполк» және «Тілендиев» бітімгерлік дайындық орталығы базасында қазақстандық бітімгерлерді, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштер контингентінің құрамында миссияларға қатысу үшін даярлау жүзеге асырылуда.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету қашанда абыройлы міндет саналады. Бөлімдер мен бөлімшелерді жасақтауға қатаң іріктеу жүргізіледі. Мұнда Отан алдындағы борышын өтеуге келген мерзімді әскери қызметшілер, әдетте, спорттық разрядтары бар және психологиялық тұрақтылық деңгейі жоғары.

 

Тегтер: