Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін

Автор: Мира Байбек

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті

Фото: riverfleet.ru

Қазақстан Түркияда бір күн бұрын ұсталған «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

«Егер кеме Қазақстанда қабылданған құқықтық нормаларға және халықаралық құқыққа сәйкес келмейтін қызметпен (тасымалдаумен) айналысатын болса, әрине, бұл келісім бұзылып, кеме кері қайтарылады», - деп жауап берді министр.

Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстан түрік тарапынан әзірге ешқандай ақпарат алған жоқ, бірақ министрлік ресми сауал жолдауды жоспарлап отыр. Қалыптасқан жағдайға құқықтық баға берілгеннен кейін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жалға алу шартын бұзуға және кемені қайтаруға негіз бар-жоғы белгілі болады.

«Бұл оқиға қазір заң бойынша қаралып жатыр, сондықтан құқықтық баға берілген бойда біз келісімшартты бұзу немесе бұзбау туралы тиісті шешім қабылдаймыз», - деді ИИДМ басшысы.

«Жібек жолы» қазақстандық «KTZ Express Shipping» компаниясына (ҚТЖ еншілес кәсіпорны) тиесілі, бірақ оны Санкт-Петербургтегі «Green Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алған және Ресей туымен жүзеді.

Еске салсақ, Түркияның кеден органдары Украинадан ұрланған деп есептелген астықты тасымалдаған ресейлік жүк кемесін ұстады. Бұған дейін ҚТЖ келісімшарты бойынша «Green Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кемесін жалға алушы бүкіл жалдау мерзімі ішінде ешқандай санкцияға ұшырамауы керек, әйтпесе шарт бұзылады деп мәлімделген еді.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, ұсталған «Жібек жолы» кемесі Түркия портында тұр, ал түрік тарапы жүктің қайдан шыққаны мен оның траекториясын зерттеп жатыр.