«Байқау әділетсіз өтті»: «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижесі дау тудырды

Бағдарламаға 11 199 адамнан өтініш түскен

«Байқау әділетсіз өтті»: «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижесі дау тудырды

100-ге жуық алматылық «Алматы жастары» бағдарламасынан негізсіз өтпей қалдық деп дау шығарды. Олар бүгін Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының алдына жиналды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Конкурстан сүрінгендердің басым бөлігі байқауға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Жылдағыдай тәртіппен құжаттарды жүктегенін, ал биыл еш қисынсыз өтпей қалғанын жеткізді.

«2012 жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. «Алматы жастары» бағдарламасына былтыр да өтпей қалғанмын. Биыл тағы өтпей қалғандардың тізімінде тұрмын. «Жылжымайтын мүлік» деген анықтама қағазын Алматы қаласы бойынша жүктегенім үшін өтпеппін. Бірақ былтыр дәл осылай жүктегенмін, әрі резервке ілінгенмін», - дейді алматылық Ғалия Базарлықызы.

Дәл осындай себеппен алматылық Айдана Махамбетова да бағдарламадан сүрінгенін айтты.

«Білім саласында 7 жыл тәжірибем бар, атымда ешқандай мүлік тіркелмеген. «Атымда мүлік тіркелмеген» деген анықтаманы Алматы қаласы бойынша алғаным үшін өткізбен. Қазақстан бойынша мүлкімнің жоқ екенін дәлелдеуім керек екен. Бұл не деген сұмдық?! Әділетсіз өткен конкурс. Себебі жауапты мамандарға бүкіл Қазақстан бойынша база көрінеді. ЖСН бойынша тексерсе де, Қазақстанның ешбір аймағында мүлкімнің жоқ екенін шығып тұр ғой», - деді Айдана Махамбетова.

Айта кетейік, байқаудың алғашқы кезеңінен өтпей қалғандардың 90 пайызы жылжымайтын мүлікті Қазақстан бойынша емес, тек Алматы қаласы бойынша өткізген.

Ал жоғары оқу орнында жұмыс істейтін – Гүлназ Бауыржан бағдарламаға құжаттарын онлайн жүктегенін толықтай видеоға түсіріп те алған. Десе де, құжатар толық жүктелмеген деген хабарлама алып, өтпей қалғанына аң-таң.

«2019 жылдан бері қатысып келемін, 2019 жылы тұрғылықты мекенжайға тіркелгеніңізге 2 жылға толмайды деген себеппен өтпедім. 2020 жылы мамандық сәйкес келмейді деді. Енді 2022 жылы бәрін толықтырып тапсырғанымда, «қажетті құжаттарды ұсынбағаны үшін өтпедіңіз» деді.  Жүктеген құжат жоқ, ол қалай сонда? Басқарма тарапының да айтары сол бір сөз, өздеріңіз кінәлісіздер дейді. Конкурс әділ өтпеген, әділдікті талап етеміз», - деді Гүлназ Бауыржан.

Ал кейбір өнер саласының мамандары «денсаулық сақтау саласы бойынша байқаудан өтпедіңіз» деген жауап алған.

«Маған басқарма мамандары иә, сіз өнер саласы бойынша тапсырған екенсіз. Денсаулық саласы бойынша еніп кеткеніңізді түзейміз, ол біздің қателік деп мойындады. Бірақ бәрі-бір сіз қатыса алмайсыз деп отыр. Өйткені жеке театрда жұмыс істегендіктен, еңбек тәжірибеңіз есептелінбейді деп жауап берді. Бағдарламада шикілік өте көп», - деді Сағыныш Серікқызы.

Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, конкурстан өтпей қалу себебін басқармаға келіп, сұрағандардың саны 60-тан асыпты. Мамандар барлық қатысушыларға сайтқа жүктелген құжаттарын көрсетіп, түсіндіргенін айтты. Басым бөлігінің анықтамалары дұрыс емес екенін мәлім етті.

«Биыл бағдарламаға өтініш беру тәртібі өзгерген жоқ. Барлық құжаттар былтырғыдай жүктелді. Өтініштердің қабылданбауына келесідей құжаттардың болмауы себеп болды. Олар: ҚР бойынша тұрғын үйінің болуы/болмауы туралы анықтамалардың жоқтығы. Отбасы мүшелерінің барлығы да тұрғын үйдің жоқтығы туралы анықтаманы тапсыруы керек болған. Бірақ көп жағдайда тек өтініш беруші ғана бұл анықтаманы жүктеген. Бұдан бөлек, балалардың туу туралы немесе неке/ажырасу куәліктерінің сканерленген нұсқасы жоқ, еңбек көшірмесін жүктемеген. Жұмыс орнынан анықтама немесе зейнетақы жарнасынан үзінді көшірмесін салмағандар да бар. Соңғы 6 айда зейнетақы жинақтарының болмауы немесе зейнетақы жинақтары 2-3 ай ғана көрсетілген. Сондай-ақ жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды», - деп мәлімдеді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 маусымында бағдарламаға өтініш беру аяқталған. «Алматы Жастары» қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 11 199 өтініш келіп түсті. Бас-аяғы резервте тұрғандармен қоса есептегенде 1676 өтініш мақұлданды. Егер 1 мың өтінішті қамтасыз ету үшін бұл үміткерлердің ішінен төлем қабілеттілігін растай алмайтындар болса, қателік жіберген өтініш берушілердің өтіп кетуі мүмкін, деді басқарма басшылығы.

Ал былтыр 1 мың өтінішті қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан 3 мың адамға жолдама берілген еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.