Жаңа Әлеуметтік кодексте Қазақстандағы отбасылардың цифрлық картасы жасалған – Тамара Дүйсенова

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Ол картада 19 миллион халықтың толықтай ақпараты көрсетілген

Фото ашық дереккөзден

Бүгін Нұр-Сұлтанда «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында әзірленіп жатқан жаңа Әлеуметтік кодекске енгізілетін ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамар Дүйсенова қатысып, «Enbek.kz» платформасының жаңартылған форматы мен әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында әлеуметтік порталдың жаңа қызметтерін таныстырды.

«Жаңа әлеуметтік кодекстегі ең негізгі мәселе – Қазақстан отбасыларының базалық жағдайын жасаудан басталады. Еліміздегі отбасылардың әрбір мүшесі өз қабілеттеріне орай жұмыспен қамтылуға, өмірлік қиын жағдайларға түсіп қалғанда тиісті әлеуметтік көмек алуға және зейнет жасына жеткенде бейнетінің жемісін көруге лайықты. Бұған дейінгі Әлеуметтік кодексте қиын жағдайға түскен отбасылардың әлеуметтік көмекті алуы ғана қамтылса, осы жолғы кодексте әрбір отбасының базалық қажеттіліктерін қарастырдық және ол қажеттіліктердің әрбір отбасында болуын біліп отыру үшін Қазақстан отбасыларының цифрлық картасы жасалған. Ол картада 19 миллион халықтың толықтай ақпараты көрсетілген және осы арқылы халықтың мемлекеттен қандай көмек алып жатқанын көріп отырады. Бұл картаны құраған кезде отбасының экономикалық жағдайы, баспана жағдайы, денсаулық, білім, әлеуметтік жағдай критерийлеріне бөлдік», - деді министр.

Картада БҰҰ-ның даму бағдарламасы пайдаланылған және сол модель арқылы қазақстандық отбасыларды бес категорияға бөліп қарастырған.

«Қазақстанда 7 миллионға жуық отбасыны әлеуметтік жағдайы жақсы, әлеуметтік жағдайы төмен, дағдарыстық, шұғыл  жағдайдағы отбасылар деп бөлдік. Осы кестеге сай әр отбасына қатысты шараларды қолданамыз. Ал бұл картаның мақсаты азаматтың жағдайы немесе табысы төмен болса ғана, көмек көрсету емес, жалпы отбасылардың жағдайын жақсартып, дағдарыстық деңгейге түсірмеу. Бұл бағыттағы ең үлкен әлеуметтік көмек – еңбекпен қамту. Осы бағытта министрлік «Enbek.kz» плафтормасына жаңа қызметтерді қосты. Осы платформа арқылы кез-келген қазақстандық өз аймағынан жұмыс тауып, жұмыскер іздейтіні туралы хабарламаны тегін бере алады», - деді Тамара Дүйсенова.

Ал «АMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Жамаубайұлы алдағы күндері осы мәселе бойынша көшпелі отырыстар өткізіп, аймақтарға шығуды жоспарлап отырғанын айтты. Кеңес Төрағасы Динара Болатқызы «жаңа кодекстің басты міндеті – әрбір азаматтың қандай жағдайда, қандай көмек ала алатынын реттеу, сонымен бірге міндетті кодекс әлеуметтік саладағы бүкіл заңды бір салаға біріктіру. «АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында биыл Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу тұр», - деді ол.

Жиын барысында өңірден келген кеңес төрағалары министрге өз ұсыныстарын ұсынды.

Еске салсақ, 2020 жылғы қыркүйектегі екінші жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. Қазақстан үшін бұл – жаңа құжат және оны әзірлеу үшін әлеуметтік саланы реттейтін барлық заңды біріктіру қажет. Қазір ондай заңдар (жәрдемақы, атаулы көмек, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы туралы және т.б.) саны 17-ден кем емес.