Шет елдерден және еліміздің өңірлерінен 55 мыңға жуық турист келді
Бұл туралы бүгін, 30 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өңір басшысы атап өткендей, осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша туризмде көрсетілген қызметтер көлемі 1,2 млрд теңгені құрап, 20%-ға өсті, келушілер саны шет елдерден және еліміздің өңірлерінен 55 мыңға жуық туристі құрады, бұл өткен жылдың алдыңғы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық (2021 жылдың 1 тоқсаны – 52 383 адам).
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен Ақтау қаласының жылы жағажайын инфрақұрылымдық дамыту бойынша жобаларды іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда.
Курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында 4 ірі инвестициялық жоба және 2 жобаны жергілікті инвесторлар жүзеге асырады. Нәтижесінде 350-ден астам жаңа жұмыс орнын құрып,102 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Бұл жобалардың барлығы аймақ экономикасының дамуына оң мультипликативті әсер береді.
Бүгінгі күні Үкіметтің қолдауымен халықаралық және ішкі бағыттар бойынша аптасына 27 бағытқа 152 авиарейс ұшады, оның ішінде алыс және жақын шетелдерге – 19 бағытқа 61 рейс.
2021-2022 жылдары аралығында Үкіметтің қолдауымен халықаралық және ішкі бағыттар бойынша аптасына 20 рейс қалыпқа келтірілді. Мамыр-маусым айларынан бастап аптасына 2 рет жаңа халықаралық 6 бағытта әуе рейсі іске қосылды. Ал теміржол көлігі арқылы тасымалданған жолаушылар саны 42,4%-ға артты.