Майк Помпео бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі
Кеше Қазақстанға іс-сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бүгін Сыртқы істер министрлігінде ведомство басшысы Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Министрлік қабырғасындағы таңнан бері жалғасқан жеке кездесулерге БАҚ өкілдері қатысқан жоқ. Тек түске қарай М.Помпео мен Б.Тілеуберді шағын брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдемелер жасады. АҚШ мемлекеттік хатшысы әңгімесін Қазақстанның коронавирустың алдын-алу бойынша жүргізіп жатқан шараларына таңданысын білдіруден бастады.
«Қазір АҚШ Қазақстанға коронавирусқа байланысты іс-шараларды реттеуге қатысты қандай көмек беріп жатқаны туралы айтқым келеді. Сіздерде қазір 46 жағдай бойынша тексеру жүргізілуде. Қазақстанның коронавирустың алдын алу үшін жасап жатқан шаралары өте керемет.
Сіздердің Қытаймен арадағы шекараларыңыз мыңдаған километрге созылып жатыр. Сондықтан алаңдаушылықтарыңызды түсінеміз. Біз Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне көмектесіп, алдын алу мәселелері бойынша бірлескен жұмыс істеп жатырмыз. Халықаралық тәжірибеге сай сараптама жүргізу үшін өзара тәжірибемен, лабораториялық материалдармен бөлісудеміз.
USAID арқылы медициналық және зертханалық орталықтарда жұмыс істейтін қызметкерлерге қорғаныс құралдарын беріп жатырмыз. Вирустан зардап шеккен америкалықтарға қалай көмектессек, қазақстандық достарымызға да проблеманы жеңу жолында сондай көмек көрсетеміз», - деді бұған байланысты М.Помпео.
Фото: Әлиақпар Қадырбаев
Ал өзінің Орталық Азия елдеріне сапарының негізгі мақсаты аймақтағы елдердің тәуелсіздігін қолдау екенін ашып айтты.
«Трамп әкімшілігінің Орталық Азия бойынша стратегиясы мемлекеттердің тәуелсіздігін қолдау мәселелеріне арналған. Біз Қазақстанның барлық іскерлік бастамаларын қолдаймыз. Қазақстанның америкалық компаниялармен ынтымақтыстығы жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді деген ойдамын.
Сонымен бірге әртүрлі деңгейде жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша америкалық жүйе жұмыс істеп жатыр... Сіздер тәуелсіздік қабылдағаннан кейін 1991 жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер осы елге келді. Сіздердің тәуелсіздіктеріңізді таныды. 1993 жылы ядролық қаруды таратпау, бейбітшілік бойынша келісімдер жүргіздік», - деді ол.
Қазақстанның халықаралық шиеліністердегі татуластырушы рөлін ерекше атаған Помпео сөз арасында Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайын да қозғап кетті.
Фото: @SecretaryPompeo туиттер парақшасынан
«Қазақстанның қорғаныс саласындағы қолдауларына да алғыс білдіремін. Ауғанстандағы іс-шараларға, Ирак пен Сириядағы террористер мен олардың отбасын қайтаруға қатысты Қазақстанның көшбасшылығын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің сот төрелігі мәселесіндегі міндеттемелеріңіз басқа елдерге де үлгі болады деген үміттемін.
Ең бастысы – адамдардың, азаматтардың құқығын қорғау. Қазір Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың, ұйғырлардың мәселелері өте өзекті болып отыр. АҚШ Қытай тарапынан болып жатқан қуғын-сүргінді тоқтатуға шақырады. Адамдардың ар намысы, құқығы қорғалуы керек», - деп нақтылады ол сөзін.
Фото: @SecretaryPompeo туиттер парақшасынан
Айтпақшы, Майк Помпео АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы елшілігінде Қытайдың саяси лагерлерінде жақындары отырған қазақтармен кездесті. Ресми шараларға дейін болған жүздесу жайлы ол өзінің туиттерінде жазды.
Met with the families of ethnic Kazakh-Chinese minorities who are among the 1M+ detained or sent to #Xinjiang internment camps. Grateful to #Kazakhstan for not forcibly returning members of Muslim minority groups to an uncertain fate in China and protecting those who seek asylum. pic.twitter.com/dxG3hK2G3h
— Secretary Pompeo (@SecPompeo) February 2, 2020
Майк Помпео екі елдің ауыл шаруашылығы, энергетика саласындағы ынтымақтастықтарын одан әрі нығайта беруге ынталы екенін де айтты. Қазақстана алғашқы сапарының әсері туралы «Қазақ жері менің туған штатым Арканзасқа ұқсайды» деп күлді.
ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз кезегінде АҚШ-қа Таяу Шығыстағы азаматтарды елге қайтару мақсатындағы «Жусан» операциясына қолдау көрсеткеніне алғыс білдірді.
«Біздің экономикамыздағы ең ірі инвестор болып табылатын АҚШ-тың егемендігіміз бен тәуелсіздігімізге жүйелі түрде қолдау көрсетіп жатқанына зор ілтипат білдіреміз. Қазір біздің ынтымақтастығымыз кеңейтілген стратегиялық әріптестік мәртебесіне ие. Бұл деңгейге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың келіссөздері бойынша қол жеткізілді.
Нұр-Сұлтан мен Вашингтон саяси қатынастары сауда-экономикалық және инвестициялық өзара ынтымақтастық, қауіпсіздік және халықаралық терроризмге қарсы күрес, қару таратпау мен қарусыздандыру, адам құқықтары, діни бостандық, тағы да басқа салалар бойынша дамуда. Қауіпсіздік саласындағы тиімді әріптестіктің айқын мысалдарының бірі – «Жусан» операциясы», - деді М.Тілеуберді.
Фото: Әлиақпар Қадырбаев
Сонымен бірге ол екі ел арасындағы ашық аспан туралы келісімге арнайы тоқталды.
«АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесу барысында біз шарттық құқықтық базаны жаңа келісімдермен толықтыруға, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыруға және өңірлік форматта АҚШ-пен ықпалдастықты нығайтуға назар аудардық.
Жуырда Қазақстан мен АҚШ арасында қол қойылған құжаттардың ішінен ашық аспан туралы келісімді атап өту маңызды. Ол біздің мемлекеттер арасында тікелей әуе рейсін ашуға, қазақстандық әуе компанияларына, әуежайларға қауіпсіздіктің ең жоғарғы стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді», - деді бұған қатысты сыртқы істер министрі.
Бірлескен мәлімдемеде АҚШ мемлекеттік департаментінің санкциялардың әсерін Қазақстанға тигізбеу үшін қолдау көрсетуді жалғастыратыны, Қазақстанға инвестиция салған АҚШ компанияларының жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ынталы екендігі туралы да айтылды. Негізінен М.Помпео мен М.Тілеубердінің сөздерінің мазмұны бір-біріне ұқсас болды. Айтпақшы, бұл екеуінің осымен үшінші рет кездесуі. 2019 жылы олар Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында жолыққан.
Майк Помпео бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Одан кейін Ташкентке ұшады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан