Кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалаған журналист ұсталды - Антикор
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деген күдікпен журналист Махамбет Абжан ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер тарату қаупімен кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған азамат М. Абжанның қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Ағымдағы жылдың 3 шілдесінде жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде азамат М. Абжан 50 миллион теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
М. Абжанның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы туралы ақпарат тексеріліп жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.