Қазақстандық 10 стартап-жоба 50 мың доллардан ұтты

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың арасында электрондық коммерция, автоматтандыру және туризм саласы бойынша жобалар бар

фото: www.gov.kz

Нұр-Сұлтанда Demo Day аясында ірі инвесторларға үздік стартаптардың таныстырылымы өтіп, Kazakhstan Digital Accelerator акселерациялық бағдарламасының үшінші легі қорытындыланды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

KDA үшінші легінің стартаптары білім, денсаулық, экология, маркетплейс, электрондық коммерция, автоматтандыру және туризм саласы бойынша шешімдер ұсынды.

Жеңімпаздар қатарында МИБ-ке өту және тұрғын үйлерді басқаруға арналған онлайн-сервис (E-Knot), ілім курстары мен репетитор таңдау бойынша сервис (Oilan), жұмысшының психофизиологиялық жағдайын нейрондық желі арқылы талдау (Dicom Research), қашықтан оқыту үшін виртуалды сыныбы бар мобильді қосымша (FocusEd), киім-кешегіңді сату және сатып алу платформасы (Garderob) бар.

«Сонымен қатар банктер мен оның өнімдері туралы ақпарат жинақталған B2C қаржы сервисі, Алматы және Нұр-Сұлтанда өтетін спорттық іс-шаралар платформасы, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында персонал іздеу, таңдау және жалдау бойынша қосымша, балалар мен жасөспірімдерге арналған онлайн-мектеп және адамдарға ұйықтауға көмектесетін музыка мен дыбыстар қосымшасы сияқты стартаптарға назар аударылды», - делінген хабарламада.

Барлық жеңімпаздар жобаларын дамыту үшін 50 мың долларға ие болды.

Іс-шара аясында ҚР ЦДИАӨМ мен «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ арасында еліміздің венчурлық нарығын дамытуға, отандық стартаптарды қолдайтын осындай акселерациялық жоба жасауға бағытталған Меморандумға қол қою салтанаты өтті.

«KDA бағдарламасы еліміздің стартап экожүйесін және венчурлық индустриясын дамыту барысында оң нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда стартап-қауымдастыққа, әсіресе бастапқы шағында, мемлекет тарапынан қолдау көрсету аса маңызды», - деді ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі Жаслан Мәдиев.

Айта кетсек, акселерациялық бағдарламаның үшінші легінде іріктеуден өткен 19 стартап-жоба иелері үздік халықаралық менторлар мен тәжірибелі сарапшылардан тәлім алу мүмкіндігіне ие болды.