Қазіргі орта білім беру ұйымдарында мұғалімдердің 90 пайызы – әйелдер
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында еліміз мектептерінде әкелер кеңесін құру ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Талбесік» көпбалалы аналар одағының басшысы Ләззат Қожахметованың айтуынша, білім мен тәрбие берудегі ерлердің рөлін арттыру керек.
«Еліміздегі мектептерде әкелер кеңесін құру керек. Себебі қазіргі орта білім беру ұйымдарында мұғалімдердің 90 пайызы – әйелдер. Әйелдер үйдегі бала тәрбиесімен де көбірек айналысады. Елімізде бала тәрбиесінде ерлердің рөлі төмен болып отыр», - деп атап өтті Ләззат Қожахметова.
Ол балалардың қоршаған ортаны, өз қаласын немесе ауылын аялай біліп, құрметпен қарауын қалыптастыру үшін мектеп сенбіліктерін өткізу тәжірибесін кеңейтуді ұсынды.
«Алайда оқу үдерісі TikTok үшін бейне түсірілімге айналмас үшін мектептерде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу керек», - дейді Л. Қожахметова.