Елімізде жерлеу рәсімінің де құны шарықтап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Маңғыстауда бұл жоралғы 62 пайызға өсіп кетіпті

Фото ашық дереккөзден

Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жеткен. Ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын екі есеге өскен.  Ranking  сайты әсіресе Маңғыстауда бұл жоралғы 62 пайызға өскенін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Алматыда барлық жөн-жоралғыны сақтай отырып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға кем дегенде 150 мың теңге қаражат кетеді екен. Оның ішіне табыт, мата, кілем, мәйітті тасымалдайтын көлік пен жерлеу кіреді. Кейде марқұмды басқа қалаға тасымалдау қажеттігі туындайды. Енді бірі зират басына қоятын тасын ерекшелеуді қалайды. Ал енді бірі сапалы табыт сұрайды. Осыдан барып, баға өсе береді дейді кәсіпкерлер.

 «Қажетті құрал-жабдыққа кететін шығынның өсуіне байланысты бізге де бағаны көтеруге тура келеді. Оның ішінде жанармай,  ағаш, түрлі қосалқы атрибуттар, цемент, құрылыс материалдары бар. Қызметкерлерге де осыдан айлық төлейміз», - дейді жерлеу рәсімін ұйымдастыратын компания басшысы Лариса Шаронова.

Қабір тастарының бағасы да әртүрлі болады. Сатушылардың айтуынша, ол тастың өлшеміне, салмағына байланысты екен. Мысалы, мына жердегі ең арзан тас 5000 теңгеден басталып, мынадай үлкендері 1.000.000 теңгеге дейін барады екен. Миллионға дейін баратындары, көбінесе, гранит, мәрмәрдан жасалған биік тастар. Олар Балқаштан әкелінеді. Дизайны да әр сатып алушының талғамына қарай өрнектеледі.

 «Енді биылғыдан қараған кезде ана жылы арзан болды. Биыл қымбаттады. Шамамен, 20 пайызға қымбаттады. Бірақ бағасын түсіріп сатып жатырмыз. Ана жылғымен бірдей қылып сатып жатырмыз. Қазір халықта ондай ақша жоқ қой», - дейді кәсіпкер Жайна Кенжалина.

Қазақстан бойынша жерлеуді ұйымдастыру бағасы, әсіресе Маңғыстау облысында көш бастап тұр. Онда аталған қызмет құны шамамен 62 пайызға өскен. Мұнан соң Алматы, Атырау облысы тұр. Бұқара жерлеу рәсімінің де монополияланғанына наразы.

«Бұл қызметтер монополияланған. Нарықтағы беделін пайдаланып, бағаларын көтеріп тастайды. Осылайша, халыққа басқа амал қалдырмайды. Моральдік тұрғыда да бұл дұрыс емес деп ойлаймын», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Александр Сотников.

Дегенмен, баға қаншалықты өссе де, халық бұл қызмет түріне жүгінуге мәжбүр екендерін мойындайды. Биыл жыл басынан бергі қызметке төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдан 2 есеге көп.