Қазір бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Атырауда есірткі притонын ұйымдастырған өзбекстандық әйел ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметіне қарағанда, шетелдік әйел «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықталған.
«Полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Атырау қаласы аумағында есірткі заттарын заңсыз сақтаумен айналысқан әйелді ұстады. Тергеп-тексеру барысында оның Өзбекстан Республикасының азаматтығы бар екенін дәлелденді. 1998 жылғы шетелдік әйелдің жалдамалы пәтерін тінту кезінде ұнтақ тәрізді заты бар 2 полиэтилен пакет, өсімдік тектес қағаз түйіншек пен синтетикалық есірткіні қолдануға арналған шыны құрылғылар табылды. Айғақ ретінде тіркеуге алынған заттар тәркіленді. Атырау облысы бойынша сот сараптамалары институтының қызметкерлері тәркіленген заттардың психотроптық заттар @-pvp және кептірілген марихуана екенінін анықтады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296- бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.