Тамара Дүйсенова: Зейнет жасын төмендету мәселесі талқыланып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Сол сияқты «Күміс жас» деген жаңа жоба қаралып жатыр

Фото: Тұрар Қазанғапов

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Парламенттің бірлескен отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере келе, зейнет жасы, базалық зейнетақы мөлшері туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандықтардың зейнет жасын төмендету мәселесі еш қарастырылмағанын айтқан болатын. Дүйсенова болса, бұл мәселеге қатысты қандай да бір нақты жауап айтатын уақыт келмегенін, мәселе әлі жұмыс топтарында қарастырылып жатқанын айтты.

«Қазір біздің министрліктің Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен жұмыс тобы бар. Жұмыс тобы бірінші графиктен өтті. Енді екінші графикте министрлердің алдына шығуымыз керек. Одан кейін республикалық бюджеттік комиссияға шығамыз. Сонда қазір біз бірінші топтағы жұмысты ғана бітірдік. Оның үстіне Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі ғана емес, вице-премьер. Біз әлі министрлердің алдына жеткен жоқпыз», - деп жауап берді Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова өз сөзінде зейнет жасынан басқа, тағы бір өзекті мәселенің бірі базалық зейнетақылардың параметрлерін өзгерту, яғни оны көбейту мәселесі барын, өйткені қазір зейнетке шыққан адамдардың бұрынғы зейнетке шыққан адамдардан зейнетақысы аз екенін айтып өтті.

«Содан кейін заң аясында ерте зейнетке шығу мәселесі де қарастырылған. «Күміс жас» деген жаңа бағдарлама жасалып жатыр. Барлық есептерімізді жұмыс тобына өткіздік, енді екінші кезеңге шығып жатырмыз. Бюджетті қарағанда жұмыс тобында ең алдымен вице-министрлер жұмыс істейді, менің де вице-министрім сол топқа барып жүр. Кейінгі топта бұл мәселе министрлер деңгейінде талқыланады. Сондықтан қазір жұмыс тобында барлық министрлік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ал Қаржы министрінің оны білу-білмеуінен менің хабарым жоқ», - деді Тамара Дүйсенова.