Мәжіліс спикері Парламент пен Үкімет үйі арасындағы шешімін таппаған мәселелерге тоқталды
Бүгін, 30 маусым күні Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясы жұмысын аяқтады. Отырыста сөз алған мәжіліс спикері Ерлан Қошанов үкімет пен депутаттар арасындағы жұмыста қандай кемшіліктер болып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қошанов жабарлағандай, осы сессия кезінде Парламентте 14 үкімет сағаты өткен.
«Парламент пен Үкіметтің бірлесіп тиімді жұмыс істегенін айта отырып, заң шығару процесіне теріс әсер ететін жекелеген кемшіліктерді де атап өткен жөн. Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы», - дейді Ерлан Қошанов.
Қошанов осы кемшіліктердің бірі – Үкімет тықыр таянғанда ғана белсенді болып, әсіресе, сессия аяқталар кезде тез қозғала бастайды дегенді айтты.
«Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады», - деді ол.
Мәселен Қошановтың айтуынша, Үкімет бала құқығы туралы заң жобасының жауабын 5 айға кешіктірген.
«Министрлер депутаттар арқылы өздерінің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар. Бұл Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездеседі. Осының салдарынан Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат түзетулермен қайтаруға мәжбүр болады», - дейді Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Үкімет қандай да бір заң жобасына түзету енгізу үшін ұзақ уақыт жұмыс істейтінін мәлім етті.
«Мысалы, бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің жауабы 5 айдан кейін келді. Соның салдарынан, бұл заң Мәжіліске енгізілгеннен кейін екі жыл өткен соң ғана қабылданды», - дейді Қошанов.