Оның 89 пайызы – Ресейге көшіп жатқан азаматтар
Солтүстік Қазақстаннан жыл сайын 5-6 мың адам қоныс аударады. Оның көбі Ресейге көшуде. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көші-қон бағдарламасы біз үшін өте маңызды. Шын мәнінде облыс тұрғындарының саны 5-6 мың адам көлемінде азайып жатыр. Статистиканы көрсеңіздер, оның 89 пайызы –Ресейге көшіп жатқан азаматтар. Не себепті екені түсінікті», - деді аймақ басшысы БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, Қазақстанға келемін, соның ішінде Солтүстік Қазақстанның жерінде тұрамын деген азаматтар да аз емес көрінеді.
«Жыл басынан бері Оңтүстіктен, Нұр-Сұлтан қаласынан және сырттан 800 адам келді. Биыл жалпы 2300-ден астам адам көшіп келеді деген жоспар бар. Олардың әрқайсына белгіленген жан-жақты көмек мемлекет тарапынан төленеді. Әр отбасы мүшесіне 70 минималды көрсеткіш төленеді. Ол – 214 мың теңге көлемінде. Ал үй сатып аламын деген азаматтарға 15 минималдық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша төленеді», - деген әкім Ресей мен Украиндағы жағдайға байланысты өңірге қоныс аударған шетелдіктердің саны туралы түсініктеме берді.
Облыс басшысының айтуынша, дәл қазір Ресейден Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылардың көзге көрінетіндей ағыны байқалып отырған жоқ.