Зайсандықтар көгілдір отыннан қол үзбейтін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Тексеру аяқталғанға дейін Қытайға газ жеткізу тоқтатылды

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастамасымен Энергетика министрлігі бірнеше апта бұрын «Tarbagatay Munay» кәсіпорнына қатысты тексеруді бастаған болатын.

Естеріңізге салсақ, компания егер оларға Қытайға газ экспорттауға тыйым салынса, аудан елді мекендерін көгілдір отыннан ажырататыны туралы мәлімдеген, осыдан кейін Зайсан ауданының тұрғындары наразылық білдірген еді. «Tarbagatay Munay» ұсынған ультиматумды облыс басшылығы шантажға балады. Олар энергетика министрлігіне жүгініп, жағдайдың шынайы мәнін тексеруді өтінді. Тексеру аяқталғанға дейін Қытайға газ жеткізу тоқтатылды. Бүгінде нәтижелерді айтуға болады, жаңа елді мекендердің жүйеге қосылуын ескере отырып, ауданды жабдықтау үшін газ лимиті анықталды. Бұл көрсеткіш – 325 миллион текше метр, ол 10 жыл үздіксіз қамтуға жеткілікті. Ал экспорт көлемі – 70 миллион текше метр.

– Сіздер барлауды жалғастыруларыңыз керек, сәйкесінше болжамды қорлар да көбеюі керек, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов «Tarbagatay Munay» өкілдерімен кездесуде. – Бұл ретте халық өздеріне тиесілі көлем өзгеріссіз қалатынын білуі тиіс, ол – 325 миллион текше метр. Міне, біздің уағдаластық – осы. Егер сіздер осымен келіссеңіздер, бұл мәселе сындарлы шешіледі.

Компания өкілдері мұнай кен орнын игеруді бастағандарын, қосымша газ Зайсан ауданын қамту мерзімін 10 жылдан 30 жылға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Ал экспорттан түскен қаржы нақ осы мақсатқа жұмсалмақ. Олар, сондай-ақ, тұрғындар үшін газ бағасының көтерілмейтінін атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі аудандағы елді мекендерді одан әрі газдандыру бойынша барлық міндеттер орындалатынын қадап айтты.