Белгілі америкалық компанияның Қазақстанға қанша көлемде инвестиция бөлетіні айтылды

Автор: Azattyq Rýhy

Astana Finance Days барысында компанияның жұмысы таныстырылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Astana Finance Days форумы өтті. Онда белгілі америкалық «Шеврон» компаниясының алдағы уақытта атқаратын шаруалары, сол сияқты тікелей инвестициялар қоры таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Astana Finance Days 2022 қаржылық конференция аясында Қазақстандағы «Шеврон Мұнайгаз Инк.» тікелей портфельдік инвестицияларды іске асыру мақсатында «Астана» Халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) құрылған Chevron Direct Investment Fund жеке компаниясын таныстырды.

Айта кетейік, 2021 жылғы 11 қазанда ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында 248,5 млн АҚШ доллары сомасында инвестиция құю қорын құру жөнінде Өзара түсіністік туралы меморандум жасалған болатын. Осы меморандум негізінде Chevron Direct Investment Fund компаниясы құрылды. Компания жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындарды дамыту, тәжірибе мен технология алмасу арқылы жергілікті қамтуға инвестиция құюды жоспарлап отыр.

«Инвестициялық жобаларға қойылатын нақты критерийлері мен талаптары бар, сол сияқты жобаларды іріктеу процесі тиімді ұйымдастырылған «Шеврон» компаниясының тәжірибесі мен сараптамасы – қазақстандық кәсіпкерлер әлеуетінің өсуіне және тартымды бизнес-жобалардың дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз», – деді Қазақстан Республикасы энергетика министрі Болат Ақшолақов.

«Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің Қаржы жөніндегі бас менеджері Дэймон Торнбергтің айтуынша, компания Қазақстанда қолайлы экономикалық кірістілік, ел экономикасына оң әсер ету, жобалардың Қазақстанның стартегиялық жоспарларына және «Шеврон» компаниясының коммерциялық және техникалық талаптарына сәйкестігі сияқты негізгі көрсеткіштерге сай келетін тартымды жобаларды инвестиция құю үшін қарастырып жатыр.