Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасында алшақтық сақталып отыр – депутат

Azattyq Rýhy

Биыл ауыл мектептерін 74 мың түлек тәмамдады, олардың тек 18 мыңына ғана ауыл квотасымен грант бөлінуі қарастырылған

Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасында алшақтық сақталып отыр – депутат
Фото ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ж.Сүлейменова мен Е.Смышляева Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбекке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттардың айтуынша PISA (2018) және TIMSS (2015) нәтижелеріне сәйкес, еліміздің қала мен ауыл арасындағы мектептерінде білім сапасында алшақтық сақталып отыр. Бұл балалардың үлгеріміне олардың отбасыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер етеді.

«Біздің депутаттық сауалға негіз болып отырған – осындай әлеуметтік осал топтағы, тұрмысы нашар отбасыларындағы мектеп түлектерінің бәсекеге қабілетті маман болып, еліміздің болашақ дамуына білім және еңбек ету траекториясын қалыптастыруда мемлекет тарапынан қолдау шараларын жетілдіру мәселесі.

Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес PISA-ның ең төмен және жоғары көрсеткіштері арасындағы айырмашылық 3-4 оқу жылын құрайды.

Біз осындай елеулі олқылықтарды еңсере алмайынша, әлеуметтік осал санаттағы түлектердің жоғары білімге тең қолжетімділігін тек квоталау жүйесі арқылы қамтамасыз ете аламыз.

Алайда биыл ауыл мектептерін 74 мың түлек тәмамдады. Олардың тек 18 мыңына ғана ауыл квотасымен грант бөлінуі қарастырылған.

Тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы қорғалмаған отбасы түлектеріне жыл сайын небәрі 4850 грант қарастырылған, бұл білім беру гранттарының жалпы санының 7%-ын құрайды. Мемлекет тарапынан осы балаларды бәсекеге қабілетті мамандыққа бағыттап, ерекше қолдау таныту қажет деп білеміз.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары келесі ұсыныстарды енгіземіз:

  1. Гранттарды бөлу жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Ауылды кадрлық қамтамасыз етуге бағытталған ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау саласына басымдық беру арқылы ауылда сұранысқа ие мамандықтарға ауыл мектептерінің түлектері үшін мемлекеттік гранттарды көбейту қажет.
  2. Әлеуметтік осал топтардағы, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына арналған мемлекеттік гранттар үлесін 7%-дан 15%-ға дейін көбейтуді ұсынамыз. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың мектепті тәмамдап отырған түлектері үшін мемлекеттік грант «әлеуметтік лифт» ретінде жүзеге асырылса білімсіз және жұмыссыз санатындағы жастардың үлесін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік болар еді.
  3. Білім сапасында көрсеткіштері төмен өңірлерден және әлеуметтік осал санаттағы түлектерге университеттің 1-2-курс аясында жалпы білім беретін базалық пәндерден аудиториялық сағаттардың жеке траекториясын білім беру бағдарламасына енгізуді ұсынамыз. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қазірдің өзінде еңбек нарығының қажеттіліктерін болжап, сапалы кадрлармен қамтамасыз етудің кешенді бағдарламасын әзірлеуі қажет», - делінген депутаттық сауалда.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.