$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында заңсыз субсидияланған 95 млн теңге мемлекетке қайтарылады

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады

Алматы облысында заңсыз субсидияланған 95 млн теңге мемлекетке қайтарылады
Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасында жалпы сомасы 95,2 млн теңгеге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін заңсыз субсидиялау фактілері анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Облыстық прокуратура Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасын тексеріп, жалпы сомасы 95,2 млн теңгеге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін заңсыз субсидиялау фактілерін анықтады. Субсидиялау қағидалары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ( «ҚабанбайАгро» АӨК, «Бескөл» АӨК, «КЕРБҰЛАҚАГРО Дамуы» АӨК және «Бекарыс-2» АӨК) субсидияланған қой төлдерін сақтап, азаюына жол бермеу талаптарын орындамаған», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Прокуратура мәліметінше, қадағалау актісі бойынша Ауыл шаруашылық басқармасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бюджет қаражатын қайтару туралы 3 талап арыз берді. Алайда экономикалық сот талап арыздарды қанағаттандырусыз қалдырған.

«Осыған байланысты прокуратура облыстық сотқа апелляциялық өтініш хаттар жолдады. Облыстық сот прокуратураның қадағалау актілерін толық көлемде қанағаттандырып, бірінші сатыдағы соттың шешімдерінің күші жойылды. Қазіргі уақытта сот орындаушылары бюджет қаражатын мәжбүрлі түрде қайтару бойынша шара қолданып жатыр», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары