$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда 80 мың киікті атуға рұқсат берілмек

Жайық популяциясына жататын киіктер саны 800 мың бастан асады

Қазақстанда 80 мың киікті атуға рұқсат берілмек
Фото: yandex.ru

Мәжіліс отырысынан кейін Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Серікқали Брекешев тілшілердің киіктердің көбеюіне қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киік санын реттеудің қажеттілігі бар дегенді айтып отыр. Бұл Жайық популяциясына қатысты болады. Қазір бұл популяцияның саны 800 мың бастан асады десек, соның 10 пайызы, яғни 80 мың бас киік реттеуге жатады», - деді министр.

Серікқали Брекешев киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейтінін айтты.

«Дегенмен киіктің кейбір популяциясының санын көбейту шаралары да көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл қажет шара. Ауыл шаруашылығы жануарларымен қайшылықтар болмау үшін осылай істеу керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тірлік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу іске асады. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз», - деді ведомство басшысы.

Брекешев реттеудің қандай жолмен өтетініне жауап берді.

«Жануарлар санын реттеу оларды ату арқылы да жүргізіледі», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары