Алматыда мопед пен скутер мінгендерге қатысты шағым көбейген

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл бұл көлік құралдары 80 жол-көлік апатына себеп болды

Фото ашық дереккөзден

 Алматыда мопед пен скутер мінгендерге қатысты шағым көбейген. Биыл бұл көлік құралдары 80 жол-көлік апатына себеп болып, 63 адам жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Тәртіп сақшылары жүргізген профилактикалық жұмыс нәтижесі байқалмайды. Қатаң бақылау болмағандықтан ережені ескермейтіндер артып барады. Алматыда жылдан-жылға скутер мінушілердің саны артып келеді. Әсіресе жаз айларында қаланың кептелісінен қашқандар жаяу адамға арналған жолдармен жүруді жаман әдеттке айналдырып алды. Соның салдарынан адам қағу оқиғалары жиі бола бастады. Мысалы, қозғалтқышының көлемі 50 текше метр болатын скутер сағатына 50 километр жылдамдықпен жүреді. Ал электросамокаттың жылдамдығы бұдан екі есе артық.

 «Осындай қос дөңгелекті көлікпен жүрушілер ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Қалада қалаған жерімен жүйіткіп жүре береді. Бірақ олар жалпы жол жүру тәртібіне бағынулары керек. Кейінгі кезде мопедке мініп тамақ тасушылардың саны көбейді. Олардың жолдағы жылдамдығы мен тәртібін қадағалауға жол полициясының мүмкіндігі  жетпейтін сияқты», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 Өткен жылы Алматыда мопед мінгендер арасында 300-ге жуық адам жол-көлік апатына түскен. Бесеуі мерт болды. Ал биыл 63 адам түрлі дене жарақатын алды.   

«Осы тәжірибені ескере отырып, қазір «ҚР Жол жүрісі туралы» заңына өзгерістер енгізіліп жатыр. Заңда осындай көлік құралдарын басқаратындар жүргінші санатынан айырылады да жауапкершіліктері қатаңдатылады. Бірақ өкінішке қарай, бұл заң нормасы қозғалтқышы 50 текше метрден аспайтын көлік айдаушыларға қолданылмайды», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 Мамандардың пікірінше, бұл мәселені шешу қиын емес. Ол үшін «А1» санатына жататын жеңіл мотоциклдер мен скутерлерді тіркеуге алып, оларды тек жүргізуші куәлігімен ғана басқаруға рұқсат ету керек. Сонда жолдағы жүгенсіздік сап тыйлып, қозғалыс мәдениеті мен жүргізушілердің жауапкершілігі артады.