Петропавлда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген ер адам бір жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы туралы тергеу жұмыстары жүргізілді

Фото ашық дереккөзден

Петропавл тұрғыны жарылғыш құрылғы туралы жалған хабарлама бергені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

14 ақпанда масаң күйдегі ер адам «102» арнасына Заводская көшесіндегі үйдің подъезінде жарылғыш затпен тұрғаны туралы хабарлаған. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, жарғыш техниктер мен басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері келіп жетті. Аталған үйдің жанында масаң күйдегі ер адам ұсталды.

Жеке тексеру барысында ешбір жарылғыш қауіпті зат табылған жоқ. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

8 маусымда Петропавл қалалық соты оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды.

«Ер адамның заңсыз әрекеті қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Осындай оқиғалар меншік иелеріне материалдық шығын келтіре отырып, объектілердің жұмысына жиі кедергі жасайды, адамдардың тыныштығын бұзады, ғимараттарды тексеру үшін адамдарды эвакуациялауға тура келеді. «Телефон терроризмі» үшін ҚР ҚК 273-бабының санкциясына сәйкес ірі көлемдегі айыппұл мен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін естен шығармаған жөн», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Руслан Жарасбаев.