Ресейлік компаниялар Қазақстанға белсенді көшіп келіп жатыр
Украинадағы жағдайдан кейін сакнцияларды айналып өту үшін ресейлік компаниялар Қазақстанға көшіп жатыр. Мәселен биыл мамыр айының соңына қарай елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындар саны жыл басынан бері 12,7%-ға, яғни 25 мыңға дейін ұлғайды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Finprom.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ретте, егер айлық өсімге мән берер болсақ, шетелдік компаниялар ағынының өсуі о баста күтілгендей наурыз айында басталды.
2022 жылғы наурызда секторда өсім 3,3%-ды, сәуірде 4%-ды, мамырда 4%-ды құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырар болсақ, өткен 2021 жылы шетелдік компаниялар санының орташа айлық өсу қарқыны бар болғаны 1,1%-ды құраған болатын.
Өз кезегінде тіркелген заңды тұлғалардың, шетелдік заңды тұлғалардың қатысы бар филиалдарының саны мамыр айының соңына қарай 40,2 мыңға жетті.
«Биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 2,4 мың компанияға артты. Бұл жағдайда негізгі ағын Ресейден келген ұйымдардың үлесіне тиіп отыр – 1,6 мың. 2022 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша олардың саны 13 мыңға жетті.
Сонымен қатар компаниялар санының өсуі бойынша көшбасшылар үштігіне Өзбекстан (205 ұйым) және Беларусь (120 ұйым) енді.
Ресей мен Беларусь елдерінен келген компаниялардың негізгі ағыны санкцияларға байланысты. Қазіргі динамика мен геосаяси дағдарысқа байланысты ресейлік компаниялардың ағыны одан әрі жалғасады деп болжауға болады», - деп жазды Finprom.