Казталовта 7 жасар баланы ит талап тастады
Балаға шағын ота жасалды
Казталов аудандық ауруханасына итке таланған 7 жастағы бала келіп түсті. Бұл туралы Azattyq Ruhy аудандық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
13 маусым күні сағат 17:00 шамасында ауруханаға Казталов ауылының 7 жасар тұрғыны келіп түсті. Ата-анасының айтуынша бала өз аулаларындағы итке таланған.
«Оқыс оқиғадан зардап шеккен балаға Казталов аудандық ауруханасының мамандары жедел медициналық көмек көрсетіп, бас сүйегіндегі жарақатты дезинфекциялап, тіккен. Шағын отаны дәрігер-хирург Айдын Ержанов жасады.
Анасының сөзіне сүйенсек, бала ойын ойнап жүрген кезінде добы ит байлаулы тұрған аумаққа түскен. Ойын баласы «допты аламын деп, шарбақтың ішінде тұрған иттің шынжыры жетпейді» деген оймен, қолына таяқ алып, допты өзіне қарай жылжытып алмақ болған. Сол сәтте ит балаға тап беріп, баланың бас сүйегі зақымданып, жарақат алған. Денесінде иттің тырнағының іздері қалған. Анасы мен бауырлары үйден шығып, итті ажыратып үлгерген. Қазіргі таңда баланың денсаулығы бірқалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаға байланысты аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары түсінік алды», - делінген аудандық аураханының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.