Қазақстанда құс еті бірден 29 пайызға қымбаттады

Azattyq Rýhy

Елімізде ет пен құс етінің бағасы 74 айдан бері үздіксіз өсіп келеді

Қазақстанда құс еті бірден 29 пайызға қымбаттады
Фото: ашық дереккөзден

Биылғы мамыр айында ет пен құс етінің бағасы бір айда 0,9%-ға, ал бір жылда бірден 15%-ға өскен. Жалпы, баға 74 айдан бері үздіксіз өсіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

EnergyProm порталының мәліметінше, әсіресе құс етінің бағасы мамыр айында бірден 28,5%-ға өскен. Сиыр еті көп қымбаттамаған – 9,7%.

Айта кетерлігі, Қазақстанда ет пен құс етінің бағасы 74 ай қатарынан, яғни 6 жылдан астам уақыт бойы еш арзандамай, керісінше, үздіксіз өсіп келеді.

«Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда орташа есеппен алғанда, ет пен құс етін тұтыну жан басына шаққанда 11,5 кг құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға артық көрсеткіш», - дейді мамандар.

Сонымен қатар жаңа піскен және салқындатылған ет пен құс етінің өнімі өсті. Мәселен, ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі және жылқы етін өндіру көлемі бір жылда 10,6 пайызға артса, биылғы бес айда 30,1 мың тоннаны құрады. Өз кезегінде құс етін өндіру 5,6 пайызға артып, 46,4 мың тоннаны құрады.

«Отандық ет комбинаттары мен құс фабрикаларының ішкі нарықтағы сұранысы 88,9%-ға орындалды. Өндіріс 342 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,9%-ға артық көрсеткіш», - делінген хабарламада.

Импорттың үлесіне ресурстардың 11,1%-ы, сәйкесінше 42,6 мың тонна өнім тиесілі, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,7%-ға аз. Ал экспорт өткен жылмен салыстырғанда бірден 19,3 пайызға төмендеп, 10,3 мың тоннаны құрады.

Сонымен ішкі нарықта 374,2 мың тонна ет және ет өнімдері сатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артық көрсеткіш.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.