Өзбекстанда президент өкілеттігін ұзарту туралы баптарды енгізу ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Президент өкілеттігін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту көзделіп отыр

Фото ашық дереккөзден

Өзбекстан өз конституциясын жаңартуға дайындалып жатыр, оған өлім жазасын алып тастау және президент өкілеттігін ұзарту туралы баптарды енгізу ұсынылды. Республика конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын парламенттік «Народное слово» газеті жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өзбекстан конституциясының 24-бабында өмір сүру әр адамның ажырамас құқығы екені және ол заң жүзінде қорғалатыны жазылған. Сонымен қатар, Өзбекстан президентінің мерзімін 7 жылға дейін ұзарту ұсынылды.

«90-баптың екінші бөлігіндегі «бес» деген сөз "жеті" деген сөзбен ауыстырылсын», - делінген құжат мәтінінде.

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес Өзбекстан президентін ел тұрғындары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

 Сондай-ақ елдің негізгі заңына құқық қорғау органдарының тұрғындарды қамауда ұстау мерзімін 48 сағатпен шектеу туралы тармақ енгізу ұсынылып отыр. Тағы бір тармаққа сәйкес, «ұстау кезінде адамға оның құқықтары мен қамауға алу негіздерін түсінікті тілде айтылуы қажет».