Бурабайдағы Үлкен шабақты көлінде суға батып бара жатқан үш қыз құтқарылды
14 жасар жасөспірімді судан алып шыққан кезде ол есін білмеген
Бурабайдағы Үлкен шабақты көлінде суға батып бара жатқан үш қыз құтқарылды. Бұл туралы Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бурабай курортына демалуға келген үш қыз Үлкен шабақты көлінде шомылу кезінде суға батып кете жаздады. Жағадан алыс жүзіп кеткен оларды құтқарушылар жеткенше, сол маңда жүрген демалушылар құтқарып қалды», - делінген хабарламада.
Анықталғандай, 14 жасар жасөспірімді судан алып шыққан кезде ол есін білмеген. Демалушылардың бірі оған алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.
«Судан алып шыққан кезде, қыздың жүрек қағысы өте баяу болды. Ол «өкпе ісінуі» диагнозымен аурухананың жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды», - деп толықтырды ТЖД баспасөз қызметінен.