$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әулиеата жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 20-шілдеде басталады

Қазір облыста 35 жасқа дейінгі 7 140 адам баспана кезегінде тұр

«Әулиеата жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 20-шілдеде басталады
фото: egemen.kz

Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Бағдарламаға қатысушылардың Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен астауы керек Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.

Қазіргі таңда облыстың 35 жасқа дейінгі 7 140 тұрғыны баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады.

«Жамбыл облысы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды ​​қалаларының тәжірибесін алуда. Бұл қалаларда жергілікті билік Отбасы банкімен бірлесе, жас мамандарды қолдау мақсатымен дәл осындай баспана бағдарламаларын қолға алып үлгерді. Өз кезегінде біздің облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 млн теңге бөлді, ал Отбасы банк жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек. Осындай қолдаудың арқасында бағдарлама қатысушылары жуық арада қоныс тойын тойлайтын болады», – дейді «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz  порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, Отбасы банкіне жіберіледі. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады.

Тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 13 млн теңгеге дейін заем береді. Бастапқы жарна – 5%, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%, несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін.

Серіктес жаңалықтары