Салалық министрлік өкілінің айтуынша жақын арада барлық мұғалімдер тиісті қаражатты алады
Мектеп мұғалімдеріне еңбек демалысының ақысы мен денсаулықты сауықтыру жәрдемақысын уақтылы төлемеу мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Жігер Қалиевтің айтуынша, орын алып отырған жағдай мемлекеттің педагогтарды қолдау үшін жұмсаған бар күш-жігерін зая кетіреді.
«Мәжіліс депутаттары мен партияның аймақтардағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне мектеп мұғалімдерінен еңбек демалысының ақысы мен сауықтыру жәрдемақысының толық және уақтылы төленбеу фактілері бойынша көптеген шағым келіп түсті. Партия мүшелерінің 30%-дан астамы – білім беру саласының өкілдері. Сондықтан бүгін біз партия алаңына өкілетті министрліктердің өкілдерін шақырдық және бейнеконференця байланысы арқылы барлық өңір қосылып отыр», - деді Жігер Қалиев.
Өз кезегінде Кеңес төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім саласын дамытып, ұстаздардың мәртебесін көтеруді партия өзінің сайлауалды бағдарламасында белгілеп, қолдап келе жатқанын алға тартты.
«Пандемиядан кейінгі оқу жылы ұстаздарымыз үшін де оңай болған жоқ. Осындай кезде мұғалімдерге қатысты мұндай жағдайдың орын алғаны жөнсіз. Кеңеске қай мектептің, қай мұғалімі төлем алмағаны туралы мәлімет берілуі тиіс. Ал 30 маусымға дейін барлық қаражат төленуі қажет», - деді депутат.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мәселе жергілікті атқарушы органдардың бюджетті дұрыс жоспарламауынан туындаған.
«Қазіргі таңда өңірлер төлемдердің 92,5%-ға жүзеге асырылғанын хабарлады. Жақын арада барлық мұғалімдер тиісті қаражатты алады», - деп сендірді вице-министр.
Алайда жергілікті атқарушы органдардың өкілдері төлемдер қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен жүргізілетінін және жыл соңында көпшілігі бюджет тапшылығына тап болатынын алға тартты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Юлия Кучинская мәселенің түп-тамырына үңіліп, оны жүйелі түрде шешу керек деп есептейді.
«Бүгін өңірлерді осы олқылықтың орнын толтырып, мәселені тез арада шешу үшін тағы да қажетті қаражатты табуға мәжбүрледі. Бірақ сол аймақтардың өздерінен бұл ақшаны қайдан алғанын сұрайықшы. Ертең тағы да жергілікті атқарушы органдар кінәлі болып шығады және осы тетіктердің барлығы бір проблемадан екіншісіне ұласады. Бұл жерде Оқу-ағарту министрлігі жақсы болып қалғысы келетінін түсінемін. Бірақ бұл жергілікті атқарушы органдардың жұмысын дұрыс атқармағанынан орын алды деу дұрыс емес. Министрліктің жіберілген қателіктер мен орын алған мәселені мойындағысы келмеуі үнемі бюджет қаражатының тапшылығына алып келді», - деп толықтырды халық қалаулысы.