Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлердің әрқайсысы мемлекет туралы түсінік қалыптастыратынын еске салды
Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде елді прогрессивті демократияландыру үдерісі, азаматтардың табиғи түрде артып келе жатқан саяси белсенділігі тек заң шеңберінде жүруі керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру бұл маңызды институционалдық өзгерістер ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік көзқарастар мен мінез-құлықтарды жаңғырту деп атады. Яғни жаңартылған құндылықтар мен дүниетаным жүйеміздің басты қағидаларының бірі – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу болуға тиіс.
– Тұрақсыз, бірақ қарқынды дамып келе жатқан әлемде заңдар мен моральдық нормаларды құрметтейтін халық қана күшті және егеменді ел мәртебесін сақтай алады. Бүгінгі таңда қоғамда өткенімізге түрлі, кейде біржақты баға беріліп, ұшқары пкірлер айтылып жүр. Дегенмен, Тәуелсіздік кезеңіндегі айтулы жетістіктерді жоққа шығаруға болмайды. Тарихын, көшбасшыларын жоққа шығарған халықтың болашағы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан азаматтарды объективті әрі дұрыс көзқараста болуға шақырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әділдік пен мемлекеттің тиімділігіне деген сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты. Қазақстан Президентінің пікірінше, түрлі жағдайда адамдармен тікелей араласатын полицейлердің әрқайсысы мемлекет туралы түсінік қалыптастырады. Бұл қоғам алдында полиция қызметкерін биліктің уәкілетті өкілі деп білетін, әсіресе учаскелік полиция қызметкерін әр азаматы танитын ауылдық жерде маңызды.
– Азаматтардың мемлекеттік саясатқа, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға көзқарасы оның сөзі мен іс-әрекетіне тікелей байланысты. Полицейлер мұны ешқашан ұмытпауы керек. Сіздерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өкінішке қарай, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес. Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді. Жағдайды өзгерту үшін біз Қазақстан полициясында ауқымды реформаларды бастадық, біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшеміз. Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды. Менің тапсырмаммен Ішкі істер министрлігі бұл бағытта бірқатар маңызды шараларды қолға алды. Бірақ алда әлі жұмыс көп, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның билік пен қоғам арасындағы дәнекер болуы өте маңызды міндет екеніне тоқталып, азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
– Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн, – деп тапсырды Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жою қажет екеніне тоқталып, жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек деді.
– Әсіресе, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды. Мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Бұл – өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет. Бізде құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ел ішіне іріткі салатын жат идеологияларды тағы бір маңызды мәселе ретінде атады. Әсіресе, әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдардың өте көптігіне назар аударып, олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқару керек екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал екенін еске салды.
Мемлекет басшысы азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өтті.
– Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.