Қаңтар оқиғасы кезінде полицейлер отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті – Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқтиғалары кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды болғанын және мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап еткеніне тоқталды. Сонымен қатар қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еткен барша полиция ардагеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелгенін, олардың әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасауы кәсібиліктің белгісі екенін атап өтті.

– Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы референдум арқылы қабылдаған Конституцияға енгізілген түзетулер шын мәнінде Екінші Республиканың құрылуын және еліміздің даму парадигмасының түбегейлі өзгеруін білдіретінін айтты. Президенттің пікірінше, барлық негізгі билік институттарын терең жаңарту негізінде мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне көшеміз.

– Біз азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын айтарлықтай кеңейте отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тиімді және теңгерімді үлгісін қалыптастыруымыз керек. Жоспарланған реформалардың негізгі бағыты – құқық қорғау жүйесін дәйекті түрде қайта құру. Ауқымды реформалар жүргізе отырып, мемлекетіміздің әлсіреуіне ешқашан жол бермеуіміз керек. Біз барлық іс-әрекеттерімізді басты құндылығымыз – Тәуелсіздікпен байланыстыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.