Бірнеше жылдан бері жол азабын тартып жүрген тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін шешуді талап етті
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданынына қарасты Кондратовка ауылының тұрғындары облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлікке қол жеткізе алмай келеді. Елдімекенде 600-ге жуық адам тұрады. Олардың басым бөлігі 30 шақырым қашықтықта орналасқан Петропавл қаласында жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері жол азабын тартып жүрген тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшсі.
ЖОЛ АЗАБЫН ТАРТЫП ЖҮР
30 шақырым қашықтықтағы Петропавл қаласына барып-келу үшін ауыл тұрғынының қалтасы күніне 5 мың теңгеге қағылады. Оның өзінде елдімекенге такси оңайлықпен келе қоймайды. Бірнеше жылдан бері жол азабын тартқан тұрғындар әкімдіктен мәселені шешуді талап еткенімен нәтиже жоқ.
«Қазір, яғни жаз мезгілінде жауын-шашын жоқ күндері қалаға дейін 2500 теңге аламыз. Әр такси қызметінің өз тарифі бар. Ал сұраныс көбейетін кездері 3 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Кондратовка ауылына таски жүргізушілерінің көбі келгісі келмейді. Осында жұмсалған уақытта қалада-ақ ақша табуға болады. Өйткені бұл ауылдың жолы жаман. Ал мен қала шетіне дейін бір тапсырысты орындадым. Ауыл жақын болғандықтан ғана келіп тұрмын», - дейді такси жүргізушісі Владимир Иванов.
Ақшасын үнемдегісі келгендер елдімекенді күре жолмен жалғайтын 4 шақырым грейдерді жаяу жүріп өтеді. Ермек Әбілмәжінова облыс орталығына жиі қатынайтындардың бірі. Себебі үнемі дәрігерге қаралады. Денсаулығын қалыпқа келтіремін деп жүргенде кейде керісінше, салқын тиіп ауырып қалатынын да айтады.
«Жаз демей, қыс демей осы жолда табан тоздырып жүрміз. Біздің ауыл негізгі трассадан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Соған шығып, көлік тоқтатамыз. Жолымыз болған күні 30-40 минутта кетіп бара жатқан көлікке отырамыз. Бірнеше сағаттап тұратын кездер де болады. Талай жаңбыр, боранның астында қалдық. Қыста аяққа пима киіп, пакетке етік салып жүреміз. Басқа амал жоқ. Ауылдық округ орталығы Петерфельд ауылы. Ол да бізге тиіп тұр. Аталған ендімекеннен автобус жүреді. Бізден жоқ», - дейді Кондратовка ауылының тұрғыны Ермек Әбілмәжінова.
ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА ЖАЯУ ҚАТЫНАП ЖҮР
Ермек Сабдин облыс орталығындағы наубайханалардың бірінде жұмыс істейді. Трассаға дейін велосипедпен жетеді. Қос дөңгелекті серігін жол бойындағы ауылда қалдырып, өзі көлік тоқтатады. Кейде 30 шақырымды еңсеру үшін 3-4 сағат уақытын сарп етеді.
«Қыста жаяу жүремін. Полиция қызметкерлері жолдан көліктеріне мінгізіп, қалаға жеткізген күндер де болған. Такси бір бағытқа 2,5-3 мың алады. Күн сайын жүрер болсам, жалақым жетпейді. Кейде ауылдан шығып, көлік тоқтағанша жаяу қалаға жетемін. Көбі ер адамдарға күдікпен қарайды. Танымайтын адамды көлігіне отырғызуға қорқады. Оны да түсінесің. Кейде қалаға тегін жеткізіп тастайтын азаматтар да кездеседі. Қысқасы жұмысқа жету оңай емес. Күнде көретініміз осы», - дейді Кондратовка ауылының тұрғыны Ермек Сабдин.
«Мен де облыс орталығында жұмыс істеймін. Күнде барып-келемін. «Whatsapp» желісінде ауылдастар тобы бар. Көпшілік күнде кешке қалаға кім қатынайтынын сұрастырып жатады. Таңертең санаулы көлік шығады. Бәріне бірдей орын жетпейды. Себебі Петропавлда қызмет ететіндер көп. Ауылда мардымды жұмыс жоқ. Әйтпесе, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап отыра беретін едік. Жолға шығамыз. Кейде амалсыз такси шақырамыз. Елдімекен халқын елеп жатқан ешкім жоқ. Жағдай болмағандықтан көпшілік көшіп жатыр. Үйлерін 2-3 млн теңгеге сатуға мәжбүр. Жай қалғаннан тиын-тебенге болса да берген дұрыс. Әйтпесе ешкім тұрмаған үй бұзылады. Одан қымбатқа ешкім сатып алмайды. Әйтпесе ауылымыздың тұрған жері керемет. Жағалай орман қоршаған, көл бар. Қаладан 30 шақырым жерде ғана. Дәл осындай қашықтықта жол бойында тұрған ауылдарда үй бағасы әлдеқайда қымбат», - дейді Ермек Сәбдина.
Петропавл-Кондратовка бағыты қалалық әкімдіктің қарамағында. Жауаптылардың сөзінше бірнеше рет байқау жарияланғанымен, жолаушылар тасымалымен айналысатын компания табылмаған.
«Бұл бағытты қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында бернеше рет байқау жарияладық. Ешкім қатыспады. Былтыр «Рузаевское» жеке кәсіпкерлігі бағытқа шықты. Бір апта жұмыс істеп, қызмет көрсетуден бас тартты. Арыз жазып, келісім шартты бұзды. Айтуынша автобуспен адам аз жүреді. Сондықтан тиімсіз. Ешқандай кәсіпкер шығынға батып жұмыс істемейді. Бұл бағытқа бюджет есебінен субсидие беру мәселесі қарастырылуда. Бірақ жуық арада шешілетініне уәде бере алмаймыз», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.
Ал ауыл тұрғындарының айтуынша қоғамдық көлік иелерінің жұмыстан бас тартуының тағы бір себебі - сапалы жолдың салынбауы. Оның азабын қарапайым халық тартып жүр.