Атырауда инсультке ұшыраған науқастардың 15 пайызы қайтыс болады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде жылына 40 мың адам инсульт алады

doktorpozvonkov.ru

Атырау облыстық ауруханасына қарасты нейро-инсульттік орталыққа түскен 1300 науқастың 15 пайызы көз жұмады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ATpress-ке сілтеме жасап. 

Жыл сайын облыста инсультке ұшыраған науқастардың 15 пайызы көз жұмады, ал өкінішке қарай 50-60 пайызы мүгедектердің қатарын толықтырады. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникацилар қызметінде өткен брифингте нейро-инсульттік орталықтың меңгерушісі Марта Исмаилова мәлімдеді.

Бүгінгі таңда науқастарды емдеп, оларды қатарға қосу мақсатында арнайы нейромультидисциплинарлық орталық жұмыс істейді. Оның құрамында неврапатолог, физиотерапевт, логопед, психолог және медбикелер бар.

"Инсульт алған адамды орталыққа 4 сағат ішінде жедел жеткізсе, оны құтқарып қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан, оның алғашқы белгілері көріне бастағанда, яғни, қолы мен аяғы әлсізденіп, беті қисайып,  сөзі түсініксіз бола бастаған кезде уақыт жоғалтпаған жөн. Инсультті фаст-тест арқылы ерте анықтаймыз", - дейді дәрігер.

Бүгінде нейро-инсульттік орталықта аурудың бұл түрін емдеуде жаңа екі тәсіл қолданылады. Олар: тромболитикалық және тромбтық экстракция. Оның алғашқысында тромбты ерітеді, ал екншісінде хирургиялық жолмен емдейді.

Айта кетейік, елімізде жылына 40 мың адам инсульт алады.