$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО полициясында Қазақстан полициясының 86 құрдасы қызмет етеді

Бүгін – Қазақстан полициясы күні

СҚО полициясында Қазақстан полициясының 86 құрдасы қызмет етеді
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінде Қазақстан полициясының 86 қызмет етіп жүр. Солардың бірі - Ксения Ищенко. Иығына погон ілген ару Azattyq Ruhy тілшісіне қиын әрі қызықты қызметі жайында айтып берді. 

«ЖҰМЫСҚА АСЫҒА БАРЫП, ҮЙГЕ ҚУАНЫП ҚАЙТАМЫН...»

Жергілікті полиция қызметі бөліміндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы – Ксения Ищенконың қазіргі лауазымы осындай. Жұмысы ауқымды. 100-ден астам полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылау және ұйымдастыру оңай шаруа емес, өте жауапты іс. Бұрын сотталған адамдар, отбасылық жанжалдар, бұзақылар, маскүнемдер, нашақорлар, сондай-ақ аңшы қаруының иелері – учаскелік полиция инспекторлары күн сайын жұмыс істейтін адамдар әр түрлі. Заң аясында әрекет ете отырып, барлығының тілін тауып, сыпайы болу керек.

Ксения Ищенко туралы басшылық пен әріптестері жақсы пікірде. Петропавл қалалық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетовтың айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары жеке құрамының штаты 101 қызметкер. Учаскелік инспекторлар өз жұмысында барлық бағыттарды қамтиды. Сәйкесінше, полиция майоры Ксения Ищенконың да жұмысы көп қырлы. Ол өз міндеттерін өте жақсы атқарады.

«Ксения Владимировна өз ісіне жауапты маман. Сондықтан да ұжымда беделге ие. Әр бастаған ісін соңына дейін жеткізуге барын салады. Оған жүктелген міндер жеңіл демес едім. Жұмысын абыроймен атқарып жүр. Болашағынан үміт күттірер жастардың бірі», - дейді Айдын Ақмағамбетов.

«ТӘРТІП САҚШЫСЫ БОЛУ – БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ...»

Ксенияның айтуынша, оның туыстарының ешқайсысы ішкі істер органдарында қызмет етпеген. Ол өзінің жұмысын мақтан тұтады. Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын аяқтаған соң бастапқыда криминалдық полиция бөлімінде қызмет еткен. Ведомстволық жоғары оқу орнында төрт жыл оқып, криминалдық полицияда жинаған тәжірибесі қазіргі жұмысында өте пайдалы болды.

«Кішкентай кезімнен полиция формасына қызығатынмын. Өсе келе алдыма мақсат қойып, осы мамандықты меңгердім. Құқық қорғау саласын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Жұмысқа асығып барып, үйге қуана қайтатын жандардың бірімін. Өйткені өз кәсібімді жақсы көремін. Ал үйде, отбасымның ортасында күш жинап, келесі жұмыс күніне кірісемін. Үйдегілер мені үнемі қолдайды. Бұл мен үшін өте маңызды. Қызметім оңай демес едім. Полиция қызметкері болу – адамға бірінші кезекте үлкен жауапкершілік жүктейді. Заң алдында, қоғам алдында адал болуға тиіссің. Ал әділдік үнемі жеңіп шығады деп есептеймін», - дейді Ксения. 

Бос уақытында полицей ару отбасымен және жақындарымен бірге болғанды ұнатады. Хоббиі – заң психологиясы, профайлинг және классикалық әдебиетті оқу. 

26 ЖАСТАҒЫ ПОЛИЦИЯ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ ҮЗДІК ТЕРГЕУШІ АТАНДЫ

Солтүстік Қазақстан полициясында атап өтуге тұрарлық жас мамандар жетерлік. Солардың бірі Берік Ілиясов. Полицияның аға лейтенанты өткен жылы жүзге жуық істі тергеген. Біліктілігінің арқасында ол «Үздік тергеуші» атағына ие болды. Ол мұндай жоғары бағаға ие болған ең жас мамандардың бірі. Петропавл қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі бір жүзге жуық істі тергеген. 

Берік Ілиясов мамандығының қыр-сырын  Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында меңгерген. Еңбек жолын 2015 жылы Аққайың аудандық полиция бөлімінде тергеушінің көмекшісі лауазымынан бастаған.  

«Жоғары заң білімінен бөлек, бұл жұмысқа асқан жауапкершілік, төзімділік, сабырлылық және қылмыстық процесске қатысушылардың түсініктемелерінен шығатын сұрақтар мен тұжырымдарды сауатты, нақты жасай білу қажет», - дейді Берік.  

Қылмыстық істерді тергеп, ары қарай сот органдарына  жіберу – тергеушінің басты міндеті. Қалалық тергеу бөлімінде жиі тергелетін істердің бірі - интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстық істер. Бұл жұмысқа полиция аға лейтенанты үш жыл бұрын кіріскен, дәл сол кезде алаяқтардың әрекеті жиілей бастаған еді.  

«Адамдардың көбі алаяқтардың құрығына түсіп жатады. Солтүстікқазақстандықтарды осындай қылмыскерлердің әрекеті туралы хабардар ету – барлық полиция қызметкерлерінің ортақ міндеті», - дейді офицер. 

Әр фактінің мән-жайын зерделей келе, полицей титтей болсын қателікке бой алдырмауға тырысады, себебі бұл қаскөйдің пайдасына айналуы мүмкін. Жарты жылдың ішінде ол интернет-алаяқтық фактісі бойынша 67 істі сотқа жіберді. Бір жағдайда істі тергегенде, әлеуметтік желі арқылы тауар несиелерін ресімдеген алаяқтықты анықтаған. Ол екі айдың ішінде 15 адамның атына смартфондар мен басқа да аксессуарларды ресімдеп сатып алған. Күдікті 20 жастағы петропавлдық болып шықты. Қылмыскер ұсталып, қылмыстық әрекеттері тоқтатылды.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары