Алматыда Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары қызметінен босатылды
Жанжалды видеодан кейін Әдеп жөніндегі кеңес Лаура Мырзағалиды қызметінен босатуды ұсынды
Алматы қаласының Әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Лаура Мырзағалиға 3 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы қаласының Әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін теріс қылығы үшін Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Лаура Мырзағали тәртіптік жауапқа тартылды (мемлекеттік қызметке үш жыл ішінде жұмысқа кіруге тыйым салынады) және қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтен босатылды», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетсек, сәуір айының басында әлеуметтік желілерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Лаура Мырзағали қызметкермен сыйақыға қатысты дауласып жатқан видео пайда болған еді.
Осыдан кейін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында қызметтік тексеру басталды. Бейнежазбаны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері де назарға алған.
Әдеп жөніндегі кеңес Мырзағалиды қызметінен босатуды ұсынды.