Күдікті қамауға алынды
Түркістан облысында шұлығының ішіне гашиш жасырған шетелдік ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы ауылында орналасқан шекара бекетінен Тәжікстан азаматы Қазақстан Республикасы аумағына өту кезінде қызметтік ит белгі бергені туралы хабарлама түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, ер адамды тінту кезінде, оның сол жақ аяғына киген шұлығының ішінен есірткі затына ұқсас зат тапты», -деп көрсетті Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алынған затқа сараптама тағайындалып, нәтижесінде оның «гашиш» екені белгілі болды.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің есірткіні қандай мақсатта алып жүргені анықталып жатыр.