$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметіне талдау жүргізіліп жатыр

Бұл сұранысқа ие тауарларды анықтауға мүмкіндік береді

Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметіне талдау жүргізіліп жатыр

Нарықтағы ағымдағы жағдайды анықтау үшін «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметіне талдау жасап, сондай-ақ заңнамалық нормаларға ұсыныстар мен түзетулер әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл шаралар жер қойнауын пайдаланушылар арасында сұранысқа ие тауарларды анықтауға және ел ішіндегі құндылығын дамыту барысында тауарлық позицияларға назар аударуға мүмкіндік береді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың машина жасау процесінің жоғары технологиялық өніміне мұқтаждығына байланысты Италия, АҚШ және Германия импорт бойынша алдыңғы қатарда болып табылады. Бүгінде импорттың шамамен 80%-ы машина жасау барысында пайдаланылатын тауарларға тиесілі. Осылайша, Қазақстан клапандар, шарлы крандар, электр техникалық жабдық және құбыр өнімдері сияқты тауарларды сатып алады екен. Жалпы, қатты пайдалы қазбалардың жер қойнауын пайдаланушылар тауарларының импорты өткен жылы 118,1 млрд теңгені құраған.

Импорттың ең көп көлемі «KAZ Minerals Aktogay» және «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-не тиесілі. Сондай-ақ тізімде «Қазхром» трансұлттық компаниясы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ және «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорны бар. 2021 жылы неғұрлым импортталатын тауарлар қатарында тау-кен өнеркәсібіне арналған машина бөліктері, механикалық және өздігінен жүретін экскаваторлар, қара металдардан ойып жасалған бұрандасы бар бұйымдар, болаттан жасалған ашық профильдер, бұрғылау немесе ұңғыма бөліктері бар.

Осы тауарлардың үлесі импорттың жалпы көлемінің 40 пайызын құрайды. Негізінен тауарлар Ресей, Австралия, Чили, Нидерланды және Қытай елдерінен жеткізіледі.

Көмірсутек шикізаты саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар тауарларының импортына келетін болсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 170 млрд теңгені құрады. Бұл ретте импорттың ең көп көлемі «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» және «North Caspian Operating Company B.V» тиесілі. Импортталатын тауарлардың қатарында жүк тасымалдауға арналған контейнерлер, электр механикалық құралдар, электр қозғалтқыштардың бөліктері, әртүрлі диаметрлі құбырлар бар.

Айта кетерлігі, жоғарыда келтірілген деректер қатты пайдалы қазбалардың жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі аясында дайындалған. Алайда, компаниялар импортының құрылымын қарау кезінде кәсіпорындардың бір бөлігі есеп беруді жүйе құраушы кәсіпорын ретінде тапсыратынын ескеру қажет.

Серіктес жаңалықтары