$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысында шегіртке қаптау қаупі бар: республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді

Өткен жылы үйірлі шегірткелер 997,2 мың га аумаққа таралды

Ақтөбе облысында шегіртке қаптау қаупі бар: республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді
Фото ашық дереккөзден

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Марс Алмабек ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау мен шегірткеге қарсы күреске дайындық қалай жүріп жатқанын айтты. Биыл шегірткемен күреске республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Шегірткелерге қарсы күреске республикалық және жергілікті бюджеттерден 2,5 млрд теңге бөлінді. Республика аумағында ерекше қауіпті организмдердің 12 түрі, зиянды организмдердің 5 түрі және карантиндік объектілердің 14 түрі таралған. Шегірткемен күресуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы үйірлі шегірткелер 997,2 мың га аумаққа таралды. Оның ішінде итальян прусы – 760,6 мың га, азиялық шегірткелер – 201,0 мың га және марокко шегірткелері – 35,5 мың гектарды құрады. Сонымен қатар саяқ шегіртке зиянкестері 270,0 мың га алаңға таралған.

Үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау үшін GPS навигаторларды, GPS трекерлерді, планшеттерді пайдалана отырып және 527 бірлік автокөлік пен 1239 тексерушілер тартылып, 38,4 млн га тексеріледі. Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізуге 165 бірлік арнайы бүріккіш техника тартылды», - дейді Марс Алмабек.

Ол фитосанитариялық шаралардың нәтижесінде ел аумағында шегірткелердің таралу алаңы 2018 жылы 1,7 млн гектардан биыл 970 мың гектарға дейін қысқарғанын айтты.

«Шегірткелердің ҚХР, РФ, ӨР көршілес мемлекеттердің аумағынан шекаралас аумақтарға көшуін болдырмау үшін зиянкестерді анықтау мақсатында бірлескен зерттеу жүргізілді. Жүргізілген іс-шара нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін зақымдау, шегіртке зиянкестерінің көрші мемлекеттердің жақын аумақтарына көшуі анықталмады.

Фитосанитариялық шараларды жүргізу нәтижесінде шегірткелердің таралу алаңы 2018 жылы 1,7 млн гектардан 2022 жылы 970 мың гектарға дейін қысқарды», - дейді Марс Алмабек.

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы биыл шегіртке қаптау қауіпі бар аймаққа Ақтөбе облысы кіретінін айтты. Қазір облыс бойынша шегірткемен күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ биыл зиянды организмдердің 2,1 млн гектар алаңда таралуы болжанып отыр. Химиялық өңдеу бүкіл аумақта жүргізілетін болады.

«Зиянды арамшөптер бойынша биыл тексеру алаңы 8,7 млн га құрады. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары – 14,0 млн га алаңда жүргізілу жоспарланып отыр. Жалпы 2022 жылы аса қауіпті зиянды организмдер бойынша таралу көлемі 2,1 млн га алаңда болжануда, оның ішінде дәнді-дақылдар аурулары 1,7 млн га, астықтың сұр көбелегі 221,9 мың га, гессен шыбыны 7 мың га, зиянды бақашыққа 19,7 мың га, астық қоңыздары 5,0 мың га, мақта көбелегі 29,7 мың га, өрмекші кене 24,2 мың га, колорадо қоңызы 305 га, саршұнақтар мен тышқан тәрізді кеміргіштер 30 га.

Уақытылы жүргізілген карантиндік шаралар зиянды объектілермен залалдану алаңын 2018 жылғы 123,6 мың гектардан 2022 жылы 59,7 мың гектарға 52%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өту қажет», - дейді ол.

Марс Алмабек бақылау-қадағалау бағыты бойынша өткізілген шараларға жеке тоқталды. 

«2022 жылы карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде өсімдіктер карантині саласында 1,8 мың заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 137 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 460 өнім экспорттаушы елге кері қайтарылды. Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Комитет экспорттаушы елдерге өнімді жеткізу кезінде карантиндік фитосанитариялық талаптардың сай келемегені туралы өткен жылы – 792, биыл – 165 нотификация жіберді. Комитет қазіргі таңда шалғын көбелегін аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне ауыстыру жөнінде шаралар қабылдап, АШМ тиісті бұйрықты бекітті және ҚР ӘМ мемлекеттік тіркеуден өтті.

Комитет қабылданып жатқан шараларға қосымша фитосанитариялық ахуал нашарлаған кезде шұғыл фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Жоба мемлекеттік органдармен келісуден өтіп, ҚР ӘМ-ге енгізілді. Бұл бұйрықты бекіту және мемлекеттік тіркеу жақын арада жүзеге асады деп күтілуде.

Қорытындылай келе, аса қауіпті зиянды және карантиндік организмдердің ошақтарын оқшаулау және жою бойынша уақтылы қабылданған шаралар еліміздің фитосанитариялық жағдайына қолайлы әсер етті және республиканың экспортын сақтауға мүмкіндік берді деп айтуға болады. Тағы бір айта кететін жайт, зиянды организмдерге химиялық жұмыстар жүргізбес бұрын барлық тиісті шаралар орындалады. Алдын ала жергілікті тұрғындарға хабар беріледі», - дейді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Марс Алмабек.

Серіктес жаңалықтары