Алматыда тау бөктеріне құрылыс салуға тыйым салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Қалалық мәслихаттың 22-сессиясында жергілікті бюджетті нақтылау жұмыстары бекітілді

Алматы қалалық мәслихатының 22-сессиясында жергілікті бюджетті нақтылау жұмыстары бекітілді. Енгізілген түзетулер ең алдымен қала тұрғындарының өтініші негізінде қаралып, әлеуметтік басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сессияда депутаттар құрылыс салуда қала құрылысы регламенттерін іске асырудың жаңа Жоспарын қабылдады.

«Осыған орай, ШААЖ, Әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінен жоғары тау беткейлері мен тау жыраларында қала шекарасына дейін көлбеуі 15 градустан жоғары кез келген ғимарат салуға тыйым салынады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге тыйым салынады, қоғамдық талқылаудан өту регламенті енгізіледі және 5 қабаттан жоғары тұрғын үй салған кезде  қала құрылысы кеңесінің оң қорытындысын алу енгізіледі», - деп көрсетті Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осының бәрі тау бөктеріндегі аумақтардың тығыздалуын әрі ретсіз құрылыс салуды тоқтатуға, табиғи ландшафтты сақтауға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына жүктемені азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді және құрылыс салынған аумақта нормативтік қажеттілікті ескере отырып, тиісті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.