Павлодар педагогикалық университетіне Әлкей Марғұланның есімі беріледі

Автор: Azattyq Rýhy

Ономастика комиссиясы бірқатар өңірдегі көшелер мен нысандардың атауын өзгертуді мақұлдады

фото: msm.govrk

Білім беру, мәдениет мекемелері, сондай-ақ бірқатар облыстардағы көшелер мен басқа да нысандар жаңа атаулар алады. Мәдениет және спорт министрлігінде өткен отырыста республикалық ономастика комиссиясы тиісті шешімді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, комиссияның қарауына мемлекеттік органдардан барлығы 182 өтініш келіп түскен, оның ішінде ғылым және жоғары білім министрлігінен, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының, сондай–ақ Шымкент қаласының әкімдіктері бар. Сонымен қатар комиссия Павлодар педагогикалық университетіне ғалым Әлкей Марғұланның есімін беру туралы ұсынысты қолдады.

«Қазіргі уақытта ономастика комиссиясы ауқымды да маңызды жұмыстар атқарып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бұрын жаңа облыстарды атауға, Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуге және т.б. қатысты маңызды шешімдер қабылданған болатын, мұнда қаралған мәселелер жергілікті тұрғындардың пікірін ескеріп, мәслихаттардың шешімімен қабылданады», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері нысандарды қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыстарды жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі.