Қызылордада әлеуметтік дүкендерге жеткізілген қант 1 сағатта таусылып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Сауда нүктелері мен базардағы баға әлеуметтік дүкендермен салыстырғанда 2 есе қымбат дейді тұрғындар

Фото: delo.ua

Қызылордада тұрғындар қант алу үшін кезекке сағаттап тұруға мәжбүр. Күннің аптап ыстығына қарамастан халық таңғы 7-ден бастап дүкендердің алдын торуылдайды. Себебі өзге сауда орындарында шекердің бағасы екі есе қымбат. Ал қарапайым халық оны қалтамыз көтермейді дейді. Қаладағы 36 әлеуметтік дүкендегі күнделікті көрініс осындай, деп хабарлайды astanatv.

Халық 370 теңге тұратын 1 келі қант үшін таңғы 7- ден кезекке тұруға мәжбүр. Жалпы сауда нүктелерінде тапшылық жоқ. Алайда бағасы әлеуметтік дүкендермен салыстырғанда 2 есе қымбат. Сондықтан айлықтан айлыққа әзер жететін жұрт кезекте сағаттап тұрудан басқа амал жоқ дейді.

«Азанымен келдім. Бірақ қай кезде келсем де қант ала алмаймын. Кезегім жетем дегенше таусылып қалады. Ал басқа дүкендерде бағасы өте қымбат. Өзім мүгедекпін. Бір зейнетақыға қарап отырмыз», - дейді қала тұрғыны Галина Жақсылықова.

«9 жарымда келдім осы жерге. Содан тұрмын. Балаларым азанда 7-ден бері осы жерде жүр. Бірақ балаға берілмейді деген әңгіме болып жатыр. Бала үшін тұрмыз, беруін талап етеміз. Мен көпбалалы анамын. Күміс алқамын. Қолымда 3 немерем бар. сонда менің үйімде 11 адам өмір сүріп жатыр. мен 1 кг қантқа 11 адамға тұрмаймын ғой», - деді қала тұрғыны Ғалия Үсенова.

Әлеуметтік дүкендерде жан басына 1 келі қант қана беріледі. Өкінішке қарай, мұны да өз пайдасына жаратып жатқандар бар. Саудагерлер камераға айтуға келіспегенімен, күнде 1 адамның қайталап келіп тұратынын жасырмады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде арзан қант сатамын деген жарнама желдей еседі. Олармен де тілдесіп көрдік. Күмәніңіз болмасын, алдау-арбаумен айналыспаймын. Кәдімгі, жоғарғы сұрыпты қант. Тәтті, түйірлері жоқ. Біз тендерден қойманы ұтып алып едік. Онда қант бар екен. енді соны босату үшін сатып жатырмыз. Бәсекелестер өте көп болған соң 200 теңгеден сатып жатырмыз. Аймаққа қант Тараз, Алматы қаласынан және Ресейден тасымалданады. Жауапты басқармадағылар көршілерден келетін жүйенің бұзылуы бағаның шарықтауына әсер етті дейді. Тапшылықты да сонымен байланыстырады.

«680 тонна қант сатып алу жөнінде келісімшарт қолымызда бар. Қазір 3 вагоны келді. Апта сайын кестеге сәйкес қант жеткізіліп тұратын болады. Алайда, дегенмен де толық қамтамасыз етуге қиындау болып тұр. Республикамызда 4 қант заводы шығарып үлгермей жатқан жағдайы бар», - дейді Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

 Қазір тұрақтандыру қорының қоймасында 3 аптаға жететін қант бар. Ал одан кейін жағдай қалай болатынын ешкім нақты айта алмайды.