Өңірдегі ірі өнеркәсіп және ШОБ кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен колледж қызметі мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Павлодарға жұмыс сапарында тұрғындар алдында есеп беру кездесуінен бөлек, білім беру саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында мәлімдегендей, өңірдегі ірі өнеркәсіп және ШОБ кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен колледж қызметі мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткен. Сонымен қатар ауданның және қаланың білім бөлімдері басшыларымен, қала мен ауыл мектептерінің және арнайы ұйымдардың директорларымен, балабақша меңгерушілерімен кездесті.
"Колледждер мен өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары дуалды оқытуды дамыту, мемлекеттік тапсырыстардың құнын арттыру, тәлімгерлік қызметке қаражат төлеу, кәсіпорындарға дуалды оқытуға арнайы киім мен шығындалатын материалдарға қаражат бөлу, кәсіби стандарттарды әзірлеу, оқу бағдарламаларын жаңартуға қатысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ олар техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту туралы ойларын ортаға салды.
Ауданның, қаланың білім бөлімдері басшылары, қала және ауыл мектеп директорлары, арнайы ұйымдар және балабақша меңгерушілерімен кездесуде ПМПК-ның (психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) дамуы, мектепке дейінгі және орта білім беру, балабақшаларды лицензиялаудың маңыздылығы, оқу жылына дайындық, жазғы мектеп нәтижелері және басқа да мәселелерді талқыладық. Павлодар облысы білім саласының өкілдерімен және жұмыс берушілермен кездесіп, көтерілген мәселелерді бірге талқылап, қойылған сұрақтарға жауап бергеніме қуаныштымын", - деп жазды министр.