Павлодарлықтар шошқа фермасын кеңейтуге қарсы шықты

Azattyq Rýhy

Тұрғындар талай табалдырықты тоздырғанмен, нәтиже болмаған соң ферманың біржола көшірілуін талап етті

Павлодарлықтар шошқа фермасын кеңейтуге қарсы шықты
фото: baq.kz

Павлодарда, қала іргесіндегі бүтін бір ауыл тұрғындары шошқа фермасы кеңейтуге үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, бұл ауылда бұрыннан доңыз өсіріледі. Одан шығатын жағымсыз иістен мезі болған бұқара, шаруашылықтың көшірілуін талап етті, деп хабарлайды astanatv.

Шошқа фермасы Павлодар ауылының дәл іргесінде орналасқан. Одан шығатын жағымсыз иістен мезі болған тұрғындар, ферманы үлкейтуге қарсы.

 «Әйнекті жабамыз. Киімді сыртқа шығара алмаймыз мүлдем. Бұл иіс келсе, бітті бүкіл үйдің бәрін алып кетеді. Әйнекті ашып жатып, ұйықтай алмаймыз», - дейді Павлодар ауылының тұрғыны Әлия Ахметов.

Бұл жолы мекеме өкілдері шаруашылықты кеңейтуге рұқсат сұрай келіпті. Алайда, бұқара бұған үзілді кесілді қарсы екендерін жеткізді. Ауыл халқының шошқа фермасынан шығатын жағымсыз иістен зардап шеккеніне 10 жылдан асқан. Тұрғындар мәселесін айтып, талай табалдырықты тоздырғанмен, нәтиже болмапты. Бұл жолы олар ферманың біржола көшірілуін талап етті.

«Павлодар ауылының тұрғындары «Рубиком» компаниясын осы жерден алып тастауға ұсыныс бердік. Осы жылдың бірінші тамызына дейін біздің бұл ұсынысымыз орындалсын - деп талап етеміз», - деді Павлодар ауылының тұрғыны Динара Болатбекқызы

Ал серіктестік басшылары фермаға күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа технологиямен жабдықтаймыз – деп отыр. Алайда, халық бұған сенімсіздік танытты.

«Бұл жоба бойынша ешқандай ферманы кеңейту жұмыстарын жүргізбейміз. Жануар басын көбейтуде көзделмеген. Ферма бұрынғыдай қалады. Тек қайта жөндеу жұмыстары ғана жүргізіледі. Бұл біздің жұмысымызды жақсартуға жол ашады. Яғни, мұнан шығатын қалдық 100 пайыз өңделіп, иіс шығармау үшін жасалынатын болады», - деді ЖШС диреткоры Дмитрий Мерзонов.

Халықтың қарсылығынан кейін қоғамдық тыңдау тоқтатылды. Десе де, ауыл халқы айтқанымыздан қайтпаймыз - деп тарқасты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.