Ағайындылар қол астында еңбек еткен қызметкерлері қисынсыз қорқытып-үркітуін қоймады
Жиһаз шығарумен айналысатын кәсіпкер қол астында істеген қызметкерлерінің қысымынан қайтерін білмей басы қатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, айлығын беріп, дұрыс есеп айырылысқанмен, әлі күнге артынан қалмай, қорқытуға көшкен. Тіпті туған інісін соққыға жыққан. Бассыздықты тізіп арыз жазғанмен, іс жылжымай жатқанын түсіне алар емес. Ал қарсы тараптың айтар өз уәжі бар. Бақылау камерасындағы видеода таяқ жеп жатқан Төлеген Сағынтаевтың туған інісі Қазбек.
Ал жұдырығын оңды-солды жұмсап жатқан осы жиһаз цехында бұрын істеген жұмысшы. Ағайындылар ешкімнің ала жібін аттамағанмен, қол астында осыған еңбек еткен қызметкерлері қисынсыз қорқытып-үркіуін қоймады дейді.
«Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Бұған дейін Байғожа талай рет жарықты өшіріп, “цехты өртеп жіберем” деп, бір топ балалар жинап, “көшіп кетіңдер” деп қорқытқан кездері болды. Істің бәрі жабылып кетті. Олар жоғарыда таныстарым бар деп, жауып кетіп тұр ғой», - дейді Қазбек Сағынтаев.
Өзіне доқ көрсеткен төрт жігітті Төлеген уақытша ғана жалдаған. Қызметін қажет кезде ғана пайдаланатындықтан келісімшарт жасамапты. Пұлын уақытында бергенмен, енді қисынсыз себеппен қысым жасағандардың әрекетін түсінбей дал. Оның үстіне жазған арызды жөнді қарамай жатқан полицейлерге қапалы.
«Қызметкерлер ешқандай факті жоқ деп істі жауып тастады. Аптасына екі үш мәрте келеді, күнде келеді. Келеді де, балалардың мазасын алады. Жұмыстың бәрін тоқтатып тастайды. Жарықты өшіріп тастап, түрлі қоқан лоқы көрсетті», - деді Төлеген Сағынтаев.
Осы күнге дейін қанша рет келгені, цехыма келіп қорқытқаны солардың бәрі видеолары бар, солардың барлығын полициялар жоққа шығарып отыр, көрмей жатыр. Бұрынғы қожайындарына қоқан-лоқы көрсетіп жүргендердің өзі ағайынды болып шықты. Еңбек демалысына ақша бер дегенді желеу еткендердің талабы заң жүзінде орындалмасы анық. Өйткені, келісімшарт жоқ. Ал олардың жыртысын қазір туыс әпкесі жыртып жүр. Айтуынша, бауырлары ақша бопсалады деген бос әңгіме.
Алайда бұл долбармен «зәбір көрдік» деген ағайынды Сағынтаевтардың келіскісі жоқ. Кәсібінен бұрын жеке басына қауіп төнді деген олар, құзырлы орган тиісті шара қабылдамайынша, беріспейміз дейді. Ал Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті істі жүргізген тергеуші еңбек демалысында болғандықтан, ақпарат бере алмайтынын жеткізді.