Тараптар Қаламқас-теңіз және Хазар жобаларын одан әрі жалғастырады
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық экономикалық форум аясында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен ресейлік «ЛУКОЙЛ» жария акционерлік қоғамының Президенті Вадим Воробьев ынтымақтастық байланысты алдағы уақытта да жалғастыру мәселелерін талқылап, өткен жылдың қарашасында жасалған «Қаламқас теңіз және Хазар» жобасы бойынша Қағидаттардың №1 қосымша келісіміне қол қойды.
Қосымша дайындалған келісімде кен орындарын жайластырудың тиімді тұжырымдамасын таңдау және бірлескен жобаны жүзеге асырудың коммерциялық шарттарын белгілеу мәселелері қарастырылды.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев бұл құжат екі ел компаниялары арасындағы байланысты одан әрі нығайтарына сенім білдірді.
«Қаламқас теңіз және Хазар» жобасының, оған қатысты жасалған келісімнің барлық тарап үшін маңызы зор. Ол өндірісті өркендетумен қатар, компаниялар арасындағы іскерлік қатынастардың дамуына тың серпін береді деген сенімдемін. Алға қойылған барлық жоспарды сәтті түрде бірлесе орындайтынымызға да сенім мол», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сондай-ақ, атаулы форумның аясында «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ президенті Вадим Воробьев үшжақты кездесу өткізіп, ортақы жобаларды жүзеге асырудың барысы мен бірлесіп атқарар істің бағыттарын талқыға салды.
Айта кетейік, Қаламқас теңіз, Хазар және Әуезов кен орындары Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан.