Тоқаев Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырғанын мәлімдеді
"Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіріп отыр. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайда осылай деді.
«Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.
Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн», - деді Президент.
Тоқаев өз сөзінде Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырғанын мәлімдеді. Тек содан кейін ғана латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталмақ.
«Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек», - деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.