Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы аяқталып жатыр
Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздер алаңын ашуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Айтуынша, киелі мекенде халықтың бірлігін көрсететін сәулетті нысан болуы тиіс.
"Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы аяқталып жатыр. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, депутаттар, қоғам белсенділері сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.