«Экологиялық тазалықты әпкем үйретті» – министр Абаев оқушыларға өткізген лекциясында басқа не айтты?

Автор: Azattyq Rýhy

Ақпарат және қоғамдық даму министрі оқушыларға өткізген дәрісінде қазақ халқының экологиялық мәдениеті жоғары болғандығын айтты

Бүгін Қазақстан мектептерінде алғаш рет жаппай «экологиялық сағат» өтті. Шараны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырды. Осыған сәйкес еліміздің барлық аймақтарында министрлер мен әкімдер оқушыларға қоршаған ортаны таза ұстау туралы дәріс оқыды.  

Елордадағы №71 мектепке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев келді. Ол оқушыларға қазақ халқының экологиялық мәдениеті жоғары болғандығын айтты.

«Көшпенді халқымызда қалдықсыз өндіріс болған. Қоқысқа ештеңе тастамаған. Теріден, жүннен киім тікті, сирақтан қамшы жасады. Тіпті малдың тезегін де отын ретінде жақты. Сондықтан экологиялық мәдениет біздің қанымызда болу керек», - деді ол.

Министр Абаев оқушылардың арасында аз бөгелсе де, өзінің тазалық мәдениетін кімнен үйренгені жайында естелігімен бөлісіп үлгерді.

«Мен 5-6 сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет қалаға әпкеммен келдім. Сонда екеуміз аялдамада тұрғанда, аузымдағы сағызды жолға тастаймын деп әпкемнен сөгіс естігенім бар. «Менен басқа жұрттар да тастап жатыр ғой?» деген шағымыма «Сен басқалар секілді болма, айналаңды таза ұстау керек» деген жауап алдым», - деп еске алды министр.

Лекциядан кейін ол мектеп ауласында оқушылармен бірге ағаш отырғызды. Жалпы бүгін республика бойынша бір мезетте 200 мың ағаш егу жоспарланған. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан