Бұл туралы Мемлекет басшысы «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғасы кезінде «кейбіреулердің» өзіне Қазақстаннан кетіп қалу туралы кеңес бергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Алматыда мемелкеттік төңкеріс жасап, Мемлекет басшысын қызметінен кетіргісі келгендердің әрекеті тоқтатылды. Оның жақсы ұйымдастырылған шабуыл болғанын білеміз. Сол кезде 3 мыңнан астам қару-жарақ ұрланды, жартысынан көбі әлі табылған жоқ. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алматыға жасалған шабуыл қатыгездік пен жаппай тәртіпсіздікке негізделді. Дүкен тонаушылар тіптен көп болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сол кезде Алматы әкімдігі мен Президент резиденциясы өртеніп, дәрігерлер мен қарапайым халықтың айрықша зардап шеккеніне тоқталды.
«Кісі өлтірушілер мен қарақшыларды ұлттық батырға айналдырмау керек. Соған қарамастан біз аяушылық танытып жатырмыз. Ұсталғандардың көбін босаттық, тек 26 адамға үкім шығарылды. Дегенмен, әлі де тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аяусыз соққыдан ажал құшқан, оқ тиіп көз жұмған жас сарбаздардың өлімі маған қатты батты. Қарақшылардың қолынан жапа шеккен полиция қызметкерлеріне жаным ауырды. Ал өкілеттігін асыра пайдаланғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырудағы мақсат Президентті орнынан алу болғанын атап өтті.
«Мен ол күндері резиденцияда болдым және ешқайда кететін ниетім болған жоқ. Алайда «кейбір» жолдастар маған тікұшақпен немесе ұшақпен елден кетіп қалуды ұсынған еді», - деді Президент.